Шымкентте 200 орындық заманауи перзентхана салынады

18

Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық ашылады. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің айтуынша бұл перзентхана Асар-2 елдімекенінде салынады деп жоспарланып отыр.

Әкім Қаратау ауданы тұрғындарымен есепті кездесуінде, денсаулық саласы 100% компьютерлік техникамен қамтылғанын жеткізді. Қазіргі таңда мегаполисте 44 емхана, 4 көпсалалы аурухана, 22 компьютерлік томография, 14 магниттік резонанс томографиясы бар. Бірақ бұл да қала халқын толық қамти алмай отыр дейді, қала басшысы.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «МРТ- дан өту үшін қаланың ана басына, КТ- дан өту үшін мына басына барасың. Анализ тапсыру үшін диагностикаға барасың. Негізі барлығы бір емханада болу керек. Сондықтан қазір біз халық көп шоғарланған орындарда заманауи емхана салуды бастап кеттік. Оның ішінде мына МРТ, КТ барлығы болады. Толыққанды анализден өтуге де мүмкіндік қарастырылады».

Халықтың жағдайын жасау мақсатында түрлі жобалар қолға алынып жатыр дейді мегаполис әкімі. Тіпті, бюджеттің бір бөлігін қайда жаратуды да тұрғындар шешеді. Қазір Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша «Халық қатысатын бюджет» жобасы қолға алынған. Яғни, аудан жұртшылығы өзара арнайы платформада ұсынысын айтып, оған дауыс бере алады. Сонымен әкімдік қаржыны көп дауыс жинаған жобаға бөледі.

Әкімнің есебінен кейін сұрақ-жауап бөлімі басталды. Жиынға келген тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарды қойып, жауап алды. Бірі, қоғамдық көлік мәселесін айтса, енді бірі интернет проблемасын қозғады. Ал тағы бір тұрғын елдімекенге табиғи газ келсе де, көгілдір отынсыз отырмыз деп шағымданды.

«2022 жылдың 9 тамыз күні сіз біздің үйге келіп, газ қосқан едіңіз. Сіздерді шығарып салғаннан кейін екі күнен кейін бізде газ өшіп қалды. Мен тиісті органдарға шағымдандым. Бірақ ешқандай мардымды жауап бермедім»,- дейді тұрғын.

Ал қала басшысы мемлекет газды тек үйдің алдына дейін ғана әкеліп беретінін түсіндірді. Ал ішке әр үй иесі өзі кіргізеді деді.

«Біз үйдің алдына дейін ғана алып келеміз. Ал үйге кіргізу ол үй иесінің есебінен. Өзі құжат дайындап, кіргізу керек. Мен айттым, Асар 2 елдімекендері сияқты тұрғындардың барлығы жиналып, бір компанияны жалдасаңыздар тез тартып береді. Соның бәрін реттегеннен кейін ғана газ береді»,-деді Әйтенов.

Кездесуге 400-ден астам халық келіп, өз сауалдарын жолдады. Басым бөлігі қала әкіміне тікелей сұрақ қойды. Басқарма басшылары да тұрғындардан өз саласына қатысты проблемаларды тыңдап, жазбаша шағым алды. Ал мегаполис басшысы әр мәселе жеке хаттамаға енгізіліп, орындалуы жіті бақылауға алынатынын жеткізді.