Шымкенттің бас ұстазы мұғалімдерге ән арнады

30

Үшінші мегаполисте өткен «Жарық нұры ғаламның» атты мерекелік кеште өңір ұстаздары ұлықталды. Іс-шараға шаһар басшысы арнайы қатысып, мегаполис ұстаздарын айтулы мерекемен құттықтады.

Мерекелік кеште ұстаздар ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, “Білім беру ісінің құрметті қызметкері” және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің “Құрмет Грамотасымен” марапатталды. Соңы концерттік бағдарламаға ұласқан салтанатты кеште қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева ұстаздарға ән арнап, құттықтауын жеткізді. 

Қазан айының бірінші жексенбісі – Ұстаздардың кәсіби мерекесі. Әлемнің 100-ден аса мемлекеті тойлайтын ұлық мереке үшінші мегаполисте де жоғары деңгейде атап өтілді. Шымкент қаласында ұстаздар күніне орай «Жарық күні ғаламның» атты мерекелік кеш өтті. Іс-шараға қала әкімі қатысып, білім беру саласында еңбек етіп жүрген жандарды мерейлі мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Мәртебелі мұғалімдер – әлемдегі ең асыл, ең сыйлы мамандық – мұғалімдік! Қазақ халқының дәстүрінде де ұстаздың орны бөлек! Ұстаздар жайлы ұлылар да сөз еткен. Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында талай елін сүйетін, білімді жас ұрпақ шығарына кәміл сенеміз. Қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектеріңізді ескере отырып, сіздерге мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріңізге табыс тілеймін!».

Айжан Табылдиева 33 жылдан бері білім беру саласында қызмет етіп келеді. Осы уақыт аралығанда ұстаздың шәкірттері облыстық, республикалық, тіпті халықаралық сайыстарда жеңімпаз атанды. Оқушылармен жұмыс істегенді жаным сүйеді деген мұғалім мерекелік кеште ҚР Оқу-ағарту министрлігінің құрмет грамотасымен марапатталды.

Айжан Табылдиева, №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназияның тарих пәні мұғалімі: «Ұстаздық жолы деген өте қызықты, әрі ауыр қиындығы мол жұмыс. Бірақ маған шәкірттермен жұмыс істеген ұнайды. Қазіргі таңда әр салада мыңдаған шәкірттерім бар. Кешелі бері телефоным дамыл таппай, құттықтап шәкірттерім хабарласып жатыр. Міне, ұстаз бақыты дегеніңіз осы. Оқу-ағарту министрінің бүгін маған беріп отырған алғыс хаты – ол өзімнің еңбегімнің арқасы деп білемін. Бүкіл Шымкент қаласының, республиканың ұстаздарын бүгінгің мерекесімен құттықтаймын!».

Сондай-ақ, мерекелік кеште тосынсый жасап, ұстаздарды қалалық білім басқармасының басшысы әсем әнмен құттықтады.

Жалпы Шымкент қаласында 31 800 педагог жұмыс істейді. Оның 22112-сі мектепте білім береді. Ұстаздар күніне орай өткен іс-шарада 1 мұғалім «Еңбек ардагері» төсбелгісімен, 1 ұстаз «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, 4 мұғалім ҚР Оқу-ағарту министрлігінің құрмет грамотасы және алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, бірқатар ұстаз қала әкімінің алғыс хатын алды.

Жанат Тәжиева, Шымкент қаласының білім басқармасының басшысы: «Бір Шымкент қаласының өзінде бүгінгі таңда 38 мыңға жуық ұстаз балалардың оқу және тәрбие жұмыстарымен айналысады. Бүгін әрине, ұстаздардың кәсіби мерекесі. Біздің қызық та қиын жұмысымызда үлкен сәттілік тілеймін! Ұстаздардың еңбегі – шәкірттерінің жетістігімен бағаланады. Бірінші кезекте елдің кірпішін дұрыс қалайтын, еліміздің абыройын асқақтатып, көк туын биіктен желбірететін жастарымыз өсіп-өне берсін! Ұстаздарымыздың кәсіби мерекесі құтты болсын!».

Мемлекет басшысының болашақ ұрпаққа сапалы білім беру туралы тапсырмасын орындау үшін жергілікті жерде ілкімді тірліктер атқарылуда.

Мерекелік кештің соңы білім беру саласының қызметкерлеріне арналған концерттік бағдарламаға ұласты.