Заңгер маман Түркістан облысының бас педагогы лауазымына тағайындалды

108

Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы тағайындалды. Жаңа лауазымға заңгер Ғалымжан Жұмашев келді. Ол бұған дейін Білім Министрлігінде, Қазақстан Республикасы Президентінің орталығында қызмет еткен. 

Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы қызметіне Ғалымжан Жұмашев тағайындалды. Күнгей өңірдің жаңа бас педагогы 1984 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Ол 2015 жылы Мәскеу қаласындағы Заманауи гуманитарлық академиясында заңгер мамандығын бітірген. Сонымен қатар, 2021 жылдан бері Гроднен мемлекеттік университетінің аспиранты. Білікті маман жергілікті ұстаздармен бірге білім саласын гүлдендіруге атсалысатынын айтты.

Ғалымжан Жұмашев, Түркістан облысы білім басқармасының басшысы: “Көп рақмет. Алдағы істе бәрін көрсетеміз деп ойлаймын. Мамандардың біршамасын танимын өзім. Бірге жұмыс істейміз деп ойлаймын. Сіздердің көмегіңізсіз мен ештеңе істей алмаймын. Министрліктің 17 бағыты бойынша өкінішке қарай Түркістан ең соңғы орында. Маған осы мәселені баса назар қойып айтты. Жыл соңына дейін түзеуге тынысамыз”.

Ал облыс әкімінің орынбасары білім саласындағы жетістіктер мен кемшіл тұстарын тілге тиек етіп, жаңа басшыны ұжыммен таныстырды.

Бейсен Тәжібаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары: «Түркістан облысында 1000-нан аса мектеп, мыңнан аса балабақша мен басқа да білім ұйымдары бар. Шешілген мәселелеріміз де бар, әлі күнге шешілмеген мәселеміз де бар. Ғалымжан Сұлтанбекұлымен халықпен тығыз жұмыс істейді деп сенім артамыз. Бұл салада жұмыс ауқымдылығы өте жоғары. Сондықтан Ғалымжан Сұлтанбекұлы жақсы нәтиже көрсетеді деп сенемін».

Айта кетейік, биыл ақпан айында адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының үстінен іс қозғалып, қызметінен босатылған еді. Алайда экс-бас педагогтың кінәсіз екені дәлелденді. Ал лауазымды орынға Ғалымжан Жұмашев «Қазақстан Республикасы Президентінің орталығының» жетекші сарапшысы қызметінен ауысып келді.