Түркістанда мерекеге орай дін өкілдері марапатталды

35

Түркістанда Рухани келісім күніне орай облыстағы діни конфессия басшыларының қатысуымен кездесу өтті. Жиынға Түркістан облыстық дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы жетекшілік жасап, аумақтағы барлық дін өкілдерін мерекесімен құттықтады. Кездесуде ел бірлігін сақтау, дінаралық татулықты нығайту мәселесі талқыланды.

Түркістан облысында 750-ден астам мешіт бар. Олардың барлығында имамдар әр жұма сайын жамағатпен кездесіп, елдің ауызбіршілігі, татулығы туралы насихат жүргізіп тұрады. Тіпті өзге дін өкілдерімен қарым-қатынасты жақсарту үшін бірлескен іс-шаралар өткізіп жатыр екен. Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша өкілі Еркебұлан Қарақұлов Ұлтаралық және дінаралық ынтымақты сақтау біздің негізгі ұстанымымыз дейді.

Еркебұлан Қарақұлов, ҚМДБ Түркістан облысы бойынша өкілі: «Достық болсын дейді. Бүгінгі күннен ешкім жеңіліс таппайды. Керісінше жеңеді, біз әр жұма сайын тұрғындарға ынтымақ, татулықты бірінші орынға қойып, осы жайында насихаттаймыз. Бүгінде ҚМДБ-ның басты жұмысының бірі ұлтаралық және дінаралық келісімді сақтау. Осы бойынша жұмыс істеп жатырмыз».

Биыл бұл жалпыұлттық мереке Қазақстанда 30-ші рет өткізіліп отыр. Бұл күн халықты біріктіреді, қазақстандық қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықты, рухани бірлікті және адамгершілік құндылықтарды насихаттайды. Осылай деген праваслав шіркеуінің жетекшісі барша дін өкілдерін мерекесімен құттықтады.

Александр Могилевский, Қазақстандағы орыс православ шіркеуінің діни қызметкері: «Барлық Қазақстандағы дін өкілдерін мерекелерімен құттықтаймын. Қазақстанның байлығы тек мұнай ғана емес, көп ұлтті, көп конфессиялы халқы. Бұл күн біз үшін өте маңызды. Елімізде бірлікте, тыныштықта өмір сүріп келе жатқан барлық дінді қатар қойып, бірге мерекесін атап өтеді. Бұл жақсы бастама. Басқа елдер де бұдан үлгі алу керек. Бүгін мерекеге орай шақырып бізді құттықтап жатқан әкімдік қызметкерлеріне алғысымды айтамын»

Кездесу соңында діни конфессия жетекшілеріне мерекеге орай алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді.