Жаңа 20 мың теңгелік банкнот айналымға шықты

67

Қазақстанда 20 000 теңгелік банкнот жаңа дизайнмен айналымға шықты. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай шыққан купюра ескі ақша белгілерімен бірыңғай стильде жасалған. Жаңа банкнот қандай болады? Және оны қайдан аламыз?

1 қазанда Қазақстан Ұлттық банкі жаңа 20 000 теңгелік банкнотты айналымға шығарды. Жаңа купюраны төлемнің барлық түрлеріне өткізуге, айырбастауға және ұсақтауға болады. Әрі әлемнің бүкіл банк шоттары қабылдайды. Өйткені, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай шығарылған жаңа банкнот ескі айналымдағы ақша белгілерімен бірыңғай стильде жасалған.

Күлзипа Есерова, РММ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Шымкент филиалының аға сарапшы-кассирі:
«Мысалы, бет жағында көбіне тігінен орындалған бейнелер, сырт жағында көлденең белгілер орналасқан. Дизайны номиналдың голографиялық бейнесі тігінен орналасқан металсыздандырылған жолақты қолдана отырып жасалған. Банкноттың 25 қорғаныш элементі бар, мөлшері 155х79 мм және сұр түске басымдық берілген».

Купюраның бет жағында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері, «Қазақ Елі» монументі, «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы, «Басқұр» қазақ ұлттық ою-өрнегінің фрагменті және Тәуелсіздік жылдарын білдіретін «30» саны бейнеленген.

«Банкноттың сырт жағында Астана мен Ақорда резиденциясының панорамалық көрінісі бар. Банкнот қазіргі уақытта 500, 1 000, 2 000, 5 000, 10 000 теңгелік номиналдармен ұсынылған «Қазақ елі» сериясының ұлттық валюта айналымындағы банкноттарының ауқымын толықтырады»,-Күлзипа Есерова.

Жаңа банкнот-әлемдегі көшірме ақшалардан қорғалған купюраның бірі саналады. Сіз оны екінші деңгейлі банктерден, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Банкі филиалдарының кассасынан ала аласыз. Касса таңғы 9:00-ден 15:00-ге дейін жұмыс істейді. Түскі үзіліс 12:00ден түске 13:00-ге дейін.