Шымкенттік жасөспірімдер джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды. Ағайынды жеңімпаз Арслан Берік пен Арсен Берікті ел-жұрты үлкен қошеметпен қарсы алды. Олар Абу-Даби қаласында өткен біріншілікте 5 мың спортшының арасында топ жарып, Еліміздің туын көкте желбіретті.
«Алға Қазақстан, Алға қазақстан!» дәл осылай шымкенттіктер ел мақтанышын қарсы алды. Ағайынды Арслан Берік пен Арсен Берік джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды. Бабы мен бағы қатар шапқан жас өрендер Абу Даби қаласында өткен әлем біріншілігенде өнер көрсетті.
Айта кетейік 8 жасар Арсланның спортпен айналысқанына 3 жыл болған. Осы аралықта тынымсыз еңбегі мен жаттықтырушыларының қатаң талабы бүлдіршінді жеңіске жетелеген. Дарынды спортшы финалдық кездесуде пәкістандық қарсыласына қылқындыру әдісін қолданып, белдесуді үлкен басымдықпен уақытынан бұрын 10-0 есебімен аяқтап, қарсыласын тізе бүктірді.
Арслан Берік, джиу-джитсудан әлем чемпионы: “Мен әлем чемпионатына қатысып, бірінші орынға ие болдым. Қазақстанның көк туын көкке желбіреттм! Алға Қазақстан!!!”
Ал 6 жасар Арсен Берік 20 келі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Өз салмағында ешкімге дес бермеген батыр бала, ақтық ойында кувейттік спортшымен бақ сынасты. Нәтижесінде қолын ауырту тәсілін шебер қолданып мерзімінен бұрын, айқын басымдылықпен жеңіске жетті. Ал баба жолын жалғаған немерелерін қос атасы үлкен қуанышпен қарсы алды.
Берік Өтебаев, атасы: “Шынын айтқанда қазақта балаң үшін, немерең үшін тақымыңды қысып отырасың дейді ғой. Жүрегіміз шығып кете жаздады. Соныңда жеңіс деген кезде үлкен қуанышта болдық”.
Есенбей Даулетбаев, нағашы атасы: “Бүгін өте қуанышты күн. Біздің екі немереміз Абу-Даби қаласындағы әлем біріншілігінен алтын жүлдемен оралып жатыр. Саясатымыз бойынша жастарымыз спортпен айналысса жаңа Қазақстанымыз гүлденеді деп ойлаймыз”.
Айта кетейік, бүгінде биік белесті бағындырған Арсен Берік бұған дейін Түркі әлемінің 2 дүркін чемпионы және Азия ойындарының күміс жүлдегері атанған болатын. Енді жеңісті жолын жалғап, әлем чемпионатын бағындырды. Жас спортшыдан үлкен үміт күткен жақындары жарыс барысында оған жанкүйер болған.
Алмас Өтебаев, Арсланның әкесі: “Әлем чемпионатына барып, Арслан Берік, Арсен Берік еліміздің көк туын желбіретіп, жеңіске жеткеніне өте қуаныштымыз. АҚШ, Ирландия, Ұлыбритания және басқа да елдері қатысты. Сол спортшылардың ішінде біздің 2 балапан жүзден жүйрік шыққанына Аллаға шүкір. Алға Қазақстан!”.
Диас Өтебаев, Арсеннің әкесі: “Әлем біріншілігіне барып біздің балапандар топ жарғанына өте қуаныштымыз. Елімізде салауатты өмір салтын сақтаулы қашан да үгіттейміз. Жастар спортпен шұғылдансын. Қазақстар алға!”.
Бұл Арсен мен Арслан үшін әлемдік додадағы алғашқы жетістіктердің бірі. Ескеретін жайт чемпиондар спорттың бір түрімен шектелмеген. Олар джиу-джитсудан бөлек, дзюдо, жүзу және баскетболмен де шұғылданады.
Қайыпбек Қамбаров, Облыстық жанар жағармай қауымдастығының төрағасы: “Бүгін қазақ елінде үлкен қуаныш. Екі чемпион жеңіспен келді. Өз елімізге аяқ басты. Бұл тек Алмас пен Диастың ғана бүкіл елдің, бүкіл әулеттің еңбегі”.
Байрақты бәсекеге әлемнің 120 елінен 5 мыңға тарта спортшы қатысты. Соның ішінде топ жарған бүлдіршін Advance JJ Alliance спорт клубындағы білікті, тәжірибелі жаттықтырушылар Жақсылық Садықов пен Сауран Дауылов сынды мықтылардың қол астында шыңдалған. Ел-жұрты спорттағы алғашқы қадамы құтты басталған жеңімпаздардан алда үлкен үміт күтеді.