Шымкенттегі Асанбай Асқаров атындағы №77 мектеп-гимназиясындағы сайлау учаскесіне жас жұбайлар келіп дауыс берді. Дәл тарихи күні некесін қидырған жастар Президент сайлауынан да қалмай белсенділік танытты. Ал Абай ауданының алдагер ұстазы 61 жасқа толған туған күні өз таңдауын жасады.
Бүгін жас жұбайлар Дәурен мен Ақмарал Тойбол шаңырақ құрып жатыр. Тарихи күні некесін қиып, жаңа өмірге аяқ басты. Күйеу жігіт, жарын ұясынан ұзатып алып шығу күнін бүгінгі тарихи сәтпен жоспарлы түрде орайластырыпты.
Дәурен Тойбол, Шымкент қаласының тұрғыны: “Бүгін некемізді қидырып, куәлігімізді қолымызға алдық. Қазір ұзату тойы болады. Бұл күнді 1 айдай бұрын арнайы таңдап алдық”.
Өміріндегі ең маңызды күні қарбаласқа қарамай сайлауға атсалысқаны үшін №77 учаскенің төрағасы жастарға сыйлығын тарту етті.
Сонымен қатар, атаулы күні 40 жылдық еңбек өтілі бар ұлағатты ұстаз Зейнегүл Үсенова 61 жасқа толды. Мерейлі мерекеде өзінің қаншама жыл еңбек еткен алтын ұясына келіп, сайлауда дауыс берді. Ол бұған дейін де бірнеше сайлауға қатыстып, еліміздің саяси науқанынан шетте қалмапты.
Зейнегүл Үсенова, ардагер ұстаз: “Мен үшін және отбасым үшін өте қуанышты күн. Себебі туған күнім Президент сайлауымен тұспа-тұс келді. Соған қарамастан сайлауға келіп өз дауысымды бердім. Еліміздің келешегіне бейжай қарамай, осында келуге бел байладым”.
Ардагер ұстаз Шымкенттегі №52 мектеп лицейінде алгебра және геометрия пәнінен сабақ берген. Зейнегүл апайды туған күнінде шәкірттері еңбегін ескеріп, дауыс беру орнына арнайы келіп ыстық лебізін білдірді.
Айта кетейік, №77 сайлау учаскесінде 1000-ға тарта тұрғын тіркелген. Сағат 4-ке дейін оның 600-ге жуығы дауыс беріп үлгерді. Ал Абай ауданындағы № 45 участкеге тіркелген 2895 азаматтың 50 пайызы өз таңдауын жасады.