Ел ағасы, Қазақстанның Еңбек ері Мұхтар Шаханов 80 жасқа толды. Осыған орай өз өңірі Түркістан төрінде салтанатты кеш өтті. Шығармашылық кеш адуынды ақынның ақ батасымен басталып, мерекелік шараға ұласты. Облыстық филармония әншілері ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқады
Биыл Қазақстанның Еңбек ері, ақын Мұхтар Шаханов 80 жасқа толды. Қоғам қайраткерінің сексеннің сеңгіріне шыққан мерейлі мерекесі Түркістан қаласында аталып өтті. Салтанатты жиынды тіл жанашыры еліне арнаған ақ батасымен бастады.
Шындықты жанына ту еткен өткір тіл, терең ойлы ақын Түркістан төрінде өлең сүйер қауымға өзінің жыр шумағын оқып берді.
Мұхтар Шаханов, Қазақстанның Еңбек ері, ақын: «Өлең құрау – ақындықтың көп қырының бір түрі.
Тек сол үшін оны ардақтау, жөнсіздеу һәм күлкілі.
Дәуірі мен билігіне саналғанмен алымды,
Ұлтын сатқан ақындар бар, бірақ жыры дарынды…
Ерлігі жоқ, елдігі жоқ, аузы ғана белсенер,
Сөзден ісі алшақ жатса, оған қалай ел сенер?
Неге бүгін ұлт мүддесі науқас жандай теңселер?..
Мұндай шақта ақындық күш тек шындықпен өлшенер”
«Әлем таныған ақын» атты шығармашылық кеште сыршыл ақынның сөзіне жазылған таңдаулы әндері шырқалды. Аңыз тұрғаның мерейтойына Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншілері «Туған күн кешінде» әнін арнаса, ал өңір басшысы өз құттықтауын жеткізді.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: “Сізді 80 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздің адамзатты ізгілікке, мейірімге, шынайы махаббатты бағалауға шақыратын өлеңдеріңіз талай адамның сенімін оятты. Жігерлендірді. Туған жеріңіз – Қасиетті Түркістан өңіріне келіп, мерейтоңызды жалғастыру – біз үшін үлкен мәртебе. Алтын уақытыңызды қиып, елмен жүздескеніңіз үшін сізге алғысымды білдіремін”
Шара барысында ақынның бірнеше тілге аударылған талдамалы шығармалары мен өлең жинақтарынан кітап көрмесі ұйымдастырылды. Салтанатты жиында Қазақстанның Халық жазушысы, оңтүстік елінің мақтанышы Мұхтар Шахановтың өмір жолы жас ұрпаққа дәріптелді.