Úı ANONS Аңыз адам келмеске кетті

Аңыз адам келмеске кетті

Қазақ әдебиеті қара жамылды.  Жігерлендіру арқылы қазақ азаматтарына рух сыйлаған, Мұхтар Шаханов 84 жасында өмірден озды.  Ғұмырын ұлтына арнаған аңыз адамды енді халқы аза тұтып,  әлеуметтік желіде естеліктерімен бөлісуде. Біз де ұлы адамның  көзсіз ерліктерін тарих қойнауынан қопардық.

 

«Барлық кезде тек қана Алла Тағала сіздерді тек шындық биігінен, елдік, ұлттық биігінен, рухани әділдік биігінен, ең бастысы рухани шындық биігінен көрінуге жазсын».

 

Ақынның осы бір ақ батасы енді біз үшін мәңгілік аманатқа айналды. Шындық шыңынан көрінуді мұрат еткен Мұхтар Шаханов бүгін сол биігінде қалып, өзі келмеске кетті. Өр мінезді, отты жырдың авторы, Халық жазушысы 84-ке қараған шағында мәңгілік сапарына аттанды.

 

Ол 84 жас ғұмырында жасық өлең жазбады, жасырын шындық қалдырмады. Есімі «ерекше» мағынасын берген ақын, шынында да, қазақ поэзиясында ерекше соқпақ салды. Туған жері Отырардың рухын арқалап, елінің еркіндігі мен тілі үшін күрескен қайраткердің өмір жолы — келер ұрпаққа өшпес мұра.

 

«Өзінің елін сүйген, ұлтына деген жауапкершілігі ең мықты адам болған. Өз ойым бойынша. Халқына жанашыр, елінің елім болсын, қазақтың қазақ болсын деген бір туар азаматы деуге болады».

«Маған 3 минут уақыт беріңіз мен бір басқа мәселені көремін деп осы желтоқсан оқиғасындағы жазықсыз қаза тапқан ағаларымыз бен әпкелеріміздің шындығын бүкіл елге таратқан».

Иә, әрбір қазақ баласы үшін бұл жай ғана тарихи дерек емес, нағыз ерліктің үлгісі. Сол бір қиын-қыстау кезеңде Мәскеудің қаһарынан қаймықпай, шырқырата шындықты айту екінің бірінің қолынан келмесі анық еді. Шахановтың сол бір отты сөзі халықтың еңсесін тіктеп, ақиқаттың салтанат құруына жол ашты десек артық айтқандық емес.

 

«Горбачов байқамай. Мынау Шахановқа 3 минут сөз беріңдер деп тапсырма беріп қойды. Ал содан кейін маған сөз беріп келіп жібергенде. Мен Арал жайлы бір ауыз сөз айтпай, желтоқсан жайлы шындықты жайып салдым».

 

Ол 84 жылдық ғұмырында «Төрт ана» қағидасын ту етіп, ұлттың намысын оятты. Туған жер, ана тілі, салт-дәстүр мен тарихты қастерлеуді басты өсиеті санаған ақын, өзі жырлаған Отырар рухына адал болды. Жары Ханшайым Шаханованың Президентке жолдаған хатында ақынның соңғы аманаты нақты жазылған. Ол — ата-бабалары мәңгілік тыныс тапқан киелі мекен, Арыстанбаб кесенесінің іргесінде дамылдау.

ХАНШАЙЫМ ШАХАНОВА, АҚЫННЫҢ ЖАРЫ: «Мен, Мұхтар Шахановтың жары Ханшайым Шаханова, Сізге қазақ руханиятының көрнекті өкілі, КСРО Халық депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері, ақын Мұхтар Шахановтың тағдыры мен соңғы аманатына байланысты үлкен алаңдаушылықпен өтініш жолдаймын. Осындай сын сағатта ақынның ең соңғы әрі маңызды аманаты — өзінің мәңгілік тыныс табатын жері ретінде ата-бабаларымыздың киелі мекені, Отырар өңіріндегі Арыстанбаб кесенесінің іргесіне жерлену».

Аңыз адаммен қоштасу рәсімі 21 сәуір күні Абай атындағы қазақ ұлттық Опера және балет театрында өтеді. Ал соңғы дерекке сәйкес, денесі туған жеріне жеткізіліп, қара шаңырақта бір күн түнетпек. 22 сәуірде аманатына сай Арыстан баб кесенесінің маңындағы академик, Өмірзақ Айтбаев жерленген зиратта  жер қойнауына тапсырылады.

«Өлең құрау – ақындықтың көп қырының бір түрі.

Тек сол үшін оны ардақтау, жөнсіздеу һәм күлкілі.

Дәуірі мен билігіне саналғанмен алымды,

Ұлтын сатқан ақындар бар, бірақ жыры дарынды…
Ерлігі жоқ, елдігі жоқ, аузы ғана белсенер,

Сөзден ісі алшақ жатса, оған қалай ел сенер?

Неге бүгін ұлт мүддесі науқас жандай теңселер?..

Мұндай шақта ақындық күш тек шындықпен  өлшенер.

Ботакөз Әнуар