Сайрам ауданында топырақты қажет етпейтін жылыжайлар көбейіп жатыр

52

Сайрамдық шаруалар көкөніс дақылын егуде сарыағаштық диқандардан кем түспейді. Осылай деген мамандар әсіресе ауданда жаңа технологиямен жабдықталған өнеркәсіптік жылыжайлар көбейіп жатқанын айтады. Ал олардың фермерлік шаруашылықтағы топыраққа негізделген жылыжайдан қандай айырмашылығы бар?

Бұл өндірістік жылыжайда топырақ мүлдем қолданылмайды. Көшет арнайы ыдыстағы тыңайтқышқа отырғызылады. Мұның фермерлік жылыжайдан басты айырмашылығы да осы. Ақсукент ауылында орналасқан бұл жылыжай голландиялық технологиямен салынған әрі инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтылған. Ал көлемі 6 гектар.

Жарқын Байдуллаев, жылыжай директорының орынбасары: «Бұл Шри-Ланкадан келеді, «кокос субстраты» деп аталады. Бұларды 2 жылға дейін қолдануға болады. Мұның бір ерекшелігі – жердің құрамында өсімдікке қажет емес элементтер болуы мүмкін. Бұның құрамында тек минералды тыңайтқыштардың тек керегін ғана өлшеп, беріп отырады. Сосын бұдан жылыжайға қарағанда өнімді 10 есеге дейін көп алуға болады».

Алдағы қаңтар айынан көшет отырғызу басталады. Одан кейін диқандар наурыздан қара күзге дейін өнім жинайды. Шаруалар жылыжайдың әр гектарынан 400 тоннадан өнім алуды көздеп отыр. Жалпы жылына 2400 тонна көкөніс алуға мүмкіндік бар екенін айтады. Агроөнеркәсіптік кешенді іске қосу үшін кәсіпкер қаржы ұйымынан 2 млрд 100 млн теңге несие алған. Оның 25% мемлекет өтеп бермек. Жылыжай толық автоматтандырылған жүйемен жұмыс істейді.

Рысқұл Оспанұлы, Сайрам ауданы әкімінің кеңесшісі: «Өндірістік жылыжайдың бір ерекшелігі аз шығын мен көп өнім алады. Жерге егетін жылыжайда шығын көп кетеді. Суды үнемдемейміз, өңдеу жұмыстары бар. Ал мұнда компьютерлік тәсілмен тамшылатып суару әдісімен суғарылады. Тек көшетті егу ғана қолмен, басқасының бәрі автоматты жүйемен істеледі».

Мамандардың айтуынша, Сайрам ауданында көлемі 60 гектарды құрайтын 110 жылыжай бар. Оның 32 гектары — өндірістік жылыжай. Биыл олардан 14 мың тонна көкөніс өндіріліпті. Негізгі өнім еліміздің солтүстігі мен Ресейге жөнелтілген.