Еліміздегі ең ірі өнеркәсіптік жылыжайлардың бірі Түркістанда ашылмақ. Жыл бойы өнім беретін ауқымды жоба өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Ecoculture-Eurasia» компаниясының құрылтайшысымен кездесіп, жобаның іске асу барысын пысықтады.
Түркістан облысында жылына 25 мың тоннаға дейін қызынақ өндіретін жылыжай ашылады. Импортқа тәуелділікті азайтуды көздейтін жобаға 42 млрд. теңге қаржы жұмсалған. Қазірде Келес ауданы Ақтөбе ауыл округіндегі 51 гектар аумақта жылыжай кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жобаны іске қосу жайын кеңінен талқылауды көздеген облыс әкімі Нұралхан Көшеров жабаны іске асырушы компания өкілімен кездесті
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ: «Бір ай бұрын. Бір жарым ай деп айтсақ болады. Келестегі обьектінің басына барып көріп кеткен болатынмын. Сонда ауған делегациясы келген. Премьер-министр орынбасармен үшеуміз барып жобаны қарап шыққанбыз. Жалпы үлкен жұмыс атқарылған».
Қазіргі уақытта жылыжай кешенінің 40 гектар аумағында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Металл конструкциялар орнатылып, ішкі және сыртқы инженерлік желілер тартылды. Сонымен қатар, әкімшілік ғимараттар, қоймалар және бақылау пункті салынып жатыр. Қазандық пен жанармай қоймасы толық дайын. Кешенде барлығы 8 жылыжай блогы мен техникалық дәліз орнатылуда, оның 4-блогы мен дәлізі қазір жұмыс істеп тұр. Жылыжай Нидерландтан жеткізілген заманауи жабдықтармен толықтай жабдықталған. Ал жоба толық іске қосылғанда 800 жаңа жұмыс орны ашылмақ
АЛМАС ДАУЫТОВ, «ECOCULTURE-EURASIA» ЖШС ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ: «Біз кешеннің жартысын, яғни 26 гектар аумақты пайдалануға бердік. Оның ішінде бір блокқа егіс жұмыстары жүргізілді, одан екі аптадан кейін алғашқы өнім мен алғашқы экспорттық жөнелтілімдерді күтіп отырмыз. Бұл өнімдер Ресей Федерациясына жіберіледі. Тағы екі блок егіске дайын, қазір қандай гибридтер мен сорттар отырғызылатыны туралы шешім қабылданып жатыр. Ал тағы екі блокты наурыз айында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бүкіл кешен шамамен жаздың басына қарай толық дайын болады. Жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр».
Сонымен қатар, жылыжай кешенінің аумағын кезең-кезеңімен 500 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Айта кетейік, өткен жылы облыста жалпы жылыжай көлемі 75 гектарға өсіп, 1715 гектарды құраған. Бұл жұмыстар өңірдің аталған саладағы үлесін 76 пайызға жеткізіп отыр. 2025 жылы жылыжайлардан 150 мың тоннадан астам көкөніс өнімі, 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон мен 13 мың тонна құлпынай өндірілді.
Ботакөз Әнуар






