Бүгін Шымкентте құны 137 млн. доллар болатын ірі жылыжай кешенінің құрылысы басталды. Мәртөбе тұрғын алабында салынып жатқан нысанда жыл сайын 36 мың тонна көкеніс өндіріледі деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жоба толықтай қосылғанда мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Шымкентте ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеретін ауқымды жоба бастау алды. Бүгін қала басшысы мен Польшалық «Fabe-Agro» компаниясының жетекшілері 137 млн долларлық жылыжай кешенінің капсуласын салды.
Мәртөбе тұрғын алабында салынып жатқан жылыжай кешені 144 гектар аумақты қамтиды. Қазіргі уақытта инфрақұрылым тарту жұмыстары жүріп жатыр. Ауқымды нысан іске қосылғанда жылына 36 мың тонна көкөніс өсірілмек, сондай-ақ мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
ТАЛҒАТ МЕКАМБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Қазір егіп жатқан қызанақтың он шақты түрі бар. Черри сияқты өнімдер. Басым бөлігі қызанақ болып тұр. Толықтай іске қосылған кезде басқа дақылдарды егуге ойлары бар. Елімізде Қазақстанда 1300 га жылыжай кешені бар. Соның ішінде 650 гектары “Аларка” болса, 144 га осы «Фабе Агро». Осының өзі жартысынан көп болып отыр. Әрине еліміздің қамту үлесу бұдан да үлкен. Импорт та кіреді. Бірақ бұл әжептеуір көмектеседі жабуға қаланың да, импортқа да шығаратын ойлары бар»
Мегаполис басшысы аталған жобаның Шымкенттің агроөнеркәсібін жаңа биікке көтеріп, өңірдің азық-түлік тұрақтылығын нығайта түсетінін ерекше атап өтті. Сондай-ақ ол қалада жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға ниет танытқан әрбір инвесторға қолдау жалғасатынын жеткізді.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Жалпы ауыл шаруашылығында суды үнемдеу технологияларын көптеп қолдану Президентіміздің тапсырмасы. Бұл салада осы жоба үлкен рөл атқарады деп сенеміз. Сондықтан жан-жақтан қолдау көрсетілетін болады. Қолдау көрсетіп те келе жатырмыз. Ары қарай бірге осылай жүзеге асырамыз деген сенім білдіремін»
Қорыта айтқанда, заманауи жылыжайлар өнімнің сапасын және көлемін арттырады. Мұның бәрі нарықтағы бағаның құбылуын азайтып, қала тұрғындарын әрдайым жаңа, табиғи көкөніспен қамтамасыз етуге жол ашады.
Лаура Бабас






