Түркістан облысының қысқы маусымға дайындығы талқыланды

102

Түркістанда өңірдегі әлеуметтік нысандардың жылу маусымына дайындығы сараланды. Аймақтағы барлық аудан толығымен жылу жүйесіне қосылған. Дей тұрғанмен кей аудандарға сапалы көмір жетіспеушілігі анықталған. Сондықтан облыс басшысы аудан әкімдерімен арнайы жиын өткізді.

Түркістанда облыстағы әлеуметтік маңызы бар нысандардың қысқа дайындығы мен жылыту шаралары пысықталды. Жиынға қатысушы мамандардың айтуынша облыс түгелдей жылыту маусымына дайын. Десе де кей аудандарда қосымша жылыту қазандықтары мен сапалы көмірдің жетіспеушілігі анықталған.

Талғат Төлеев, Облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімінің бас инспекторы: “Облыстағы жылыту маусымына өту науқанына байланысты тексеру жүргізілді. Нәтижесінде жалпы әлеуметтік нысандарда температуралық режимнің сақталуы байқалады. Десе де тексеріс барысында кемшіліктер да анықталып жатыр. Негізгі мәселе қазандықтарға байланысты. Резервтік қазандықтардың болмауы басты мәселеге айналды. Генераторлардың жетіспеушілігі байқалды”.

Облыс басшысы әр ауданның әкімдерімен онлайн байланысқа шығып, аймақта атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Жергілікті шенеуніктерге аймақтағы барлық нысандарды жіті тексеріп, кемшіліктерді тез арада жою керектігі айтылды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: “Әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығы қатаң бақылауда болуы керек. Әрбір мекеме басшысы өзі басшылық жасайтын мекеме орналасқан ғимараттың сапасын, қысқа дайындығын қадағалап, кемшіліктер болса, жоюға күш салуы тиіс. Жауапты басқармаларға өздеріне тиесілі нысандарды ретке келтіруді тапсырамын”

Жиын барысында бірқатар өңірде жылыту бойынша олқылықтардың бар екені анықталды. Атап айтқанда Түркістан қаласы, Созақ, Сайрам, Қазығұрт, Мақтаарал ауданындағы білім ордаларының жылу сапасы төмендеген. Сонымен қатар, Сайрам, Бәйдібек ауданындағы әлеуметтік нысандар бойынша да мәселелер бар. Облыс басшысы барлық аудан әкімдеріне мәселені шұғыл түрде шешуді тапсырды.