Түркістанға Венгрия мемлекетінің елшісі келді

33

Түркістан облысының басшысы аймақ экономикасын дамыту мақсатында Венгрия елшісімен кездесті. Шаһар қонағына рухани астананың әлеуетін таныстырып, мол мүмкіншілігі жайында ақпарат ұсынылды. Сонымен қатар екі ел арасында ынтымақтастықты нығайтып, күнгей өңірге инвесторлар тарту мәселесі сөз болды.

Түркістан облысының әкімі Венгрия мемлекетінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісін қабылдады. Кездесу барысында өңірде атқарылып жатқан жұмыстар барысы сөз болды. Биыл облысқа инвестиция тарту 60 пайызға артқан. Сондықтан да жаңа экономикалық аймақ құру көзделуде. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды елшіні күнгей аймақтың тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: “Түркістанға қош келдіңіз! Өздеріңіз білетіндей, 2018 жылы Түркістан облысы құрылды, оның әкімшілік орталығы Түркістан қаласы болып бекітілді. Қалаға облыс орталығы мәртебесін беру қалаға ғана емес, бүкіл өңірге инвестиция тартуға айтарлықтай серпін берді. Біз Венгрия инвесторларын қарсы алуға, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл ретте «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылып жатыр. Инвестициямен қатар мәдениет, білім салаларында да әріптестік орнатуды жөн деп білемін. Осындай кездесулер арқылы байланыстар көкжиегі кеңейе түседі”

Әкім баяндамасын тыңдаған Венгрлік елші Отто Иван Рона рухани астананың дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар Түркістанда ауыл шаруашылығына басымдық берілгенін ескере отырып, осы сала бойынша өз кеңестерін беретінін жеткізді. Ал өз еліне барған соң кәсіпкерлерге міндетті түрде жаңа экономикалық аймақ жайында мағлұмат беретінін айтты.

Отто Иван Рона, Венгрияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі: “Сіздерде ауыл шаруашылығы өнімдері жақсы өндіріледі. Бізде дәрі өндіру жақсы жолға қойылған. Біз ақпараттық технология, фармацевтика, балық шаруашылығы сынды бірқатар салада көмек көрсете аламыз. Алдағы уақытта арнайы экономикалық аймақ жайында толық ақпарат берсеңіз. Бірлесе жұмыс жасауға дайынбыз. Мысалы «Тұран» арнайы экономикалық аймағы ашылады дедіңіздер. Сол аймақты құру шараларына біз де бірге атсалыса аламыз”

Жиын соңында тараптар ортақ келісімге келіп, ықылас ілтипат ретінде бір-біріне естелік сыйлықтар алмасты. Екі тарап ел арасындағы байланысты нығайтып, алдағы уақытта инвестиция тартуға уағдаласты.