Алдымызда көпшіліктің асыға күтетін мерекесі Жаңа жыл келе жатыр. Мерекеге байланысты бірқатар іс-шаралар мен мерекелік отырыстар ұйымдастырылуда. Осыған орай, сіздерге мереке қарсаңында тамақтан уланудың алдын алу үшін бірқатар кеңестерді ұсынамыз.
Қазіргі уақытта қоғамдық тамақтану объектілерінде ғана емес, мереке күндері үй тағамдарынан да улану қаупі бар. Әсіресе, мереке күні дастарханға ұсынылған тағамдарды тұрғындар ертесіне, одан кейін екі-үш күн бойы тұтынып жатады.
Мерекеге орай алдын ала азық-түлік, оның ішінде әртүрлі тез бұзылатын аспаздық және кремді кондитерлік өнімдер сатып алынады. Мереке күндері үйде тамақтан уланудың негізгі себептері тамақ дайындау кезінде жеке гигиена ережелерінің сақталмауы, сондай-ақ сақтау мерзімінің бұзылуы, тез бұзылатын тағамдардың тоңазытқышта сақталмауы болып табылады.
Мереке күндері дастарханға үй жағдайында дайындалған консервіленген өнімдер қойылады. Егер көкөністер, саңырауқұлақтар консервілеу кезінде дұрыс жуылмай, консервілеу ережесі бұзылып дайындалған болса, ол өліммен аяқталатын қауіпті тамақтан улануды тудыруы мүмкін. Солардың бірі – ботулизм. Барлық ботулизм ауруы үй жағдайында дайындалған консервілерді қолданғаннан болады. Улануды болдырмау үшін, өнімді қолданар алдында 10-15 минут қайнатып жіберу қажет. Қақпағы көтерілген, түсі бұзылып, иісі шыққан банкілерді жедел түрде жою қажет, тіпті дәмін де татуға болмайды.
Сонымен қатар, мереке күндері алаңдарда, демалыс саябақтарында, көше бойларында тәтті мақта, қуырылған жүгері, құйылмалы квас, самса, бәліш, жұмсақ балмұздақ сататын рұқсатсыз сауда орындары пайда болады. Егер денсаулығыңызға зиян келтіргіңіз келмесе, рұқсатсыз сауда орындарынан тағам өнімдерін сатып алмағаныңыз жөн.
Негізінен мереке кафе, мейрамхана және тойханаларда тойланады. Сондықтан, кәсіпкерлерді, мереке күндері тамақтан уланудың алдын алу мақсатында, санитариялық талаптардың сақталуына аса назар аударуға шақырамыз!
Әсіресе, қызметкерлердің медициналық тексеруден өтуі, жұмысқа рұқсаты болуы, жеке бас гигиенасын сақтауы, азық-түліктердің қауіпсіздігін растайтын құжаттары болуына және де тез бұзылатын өнімдердің тауарлық көршілестікті ескере отырып, тоңазытқышта сақталуына аса көңіл бөлінуі тиіс.
Тамақ өнімдерін таза пісіру, сондай-ақ көкөністер мен жемістерді таза жуу және өндірістік бақылау бағдарламасы міндетті түрде болуы қажет.
Қарапайым ережелерді орындау тамақтан уланудың алдын алады:
— жаңадан дайындалған тамаққа кешеден қалған тамақты араластырмау. Егер тамақ келесі күнге қалса, оны алдын ала қайнатып немесе қуырып жеу қажет;
— егер өзіңіздің ауырғаныңызды сезінсеңіз (іш ауруы, іштің бұзылуы, жүректің айнуы), отбасыңызға және қонақтарға тамақ дайындамаңыз;
— көкөніс пен жеміс-жидектерді ағынды сумен мұқият жуыңыз, мүмкіндігінше қайнаған сумен шаю қажет;
— тамақ өнімдерін олардың жарамдылық мерзімін ескере отырып сақтаңыз;
— дайындалған тамақты бөлме температурасында 2 сағаттан артық қалдырмаңыз;
— ет, құс, жұмыртқадан тез бұзылатын тағамдар, сондай-ақ паштеттер, аспаздық өнімдер, кремі бар кондитерлік өнімдер, салаттарды дайындағаннан кейін бірден қолдану қажет;
— тіпті тоңазытқыштың өзінде ұзақ уақыт бойы тамақ пен азық-түлікті сақтамаңыз;
— үйде консервіленген өнімдерді базарлардан, белгісіз сауда орындарынан, көшеден сатып алмаңыз.
Осы талаптарды сақтау мереке күндері тамақтан улану қатерін болдырмайды.
Улану белгілері пайда болған жағдайда, дереу дәрігерге медициналық көмекке жүгіну қажет екенін есте сақтау керек!