Түркістан облысында ауа-райы күрт өзгеруінен таулы аймақтарда желдің екпіні 30м/с асты. Қарлы боран салдарынан республикалық маңызы бар «Қорғас-Алматы-Тараз-Шымкент-Ташкент» бағытындағы тас жол мен облыстық маңызы бар 6 жол жабылды. Облыс аумағында республикалық бағыттағы жолдарды тазалау үшін барлығы 100-ден астам адам мен 100-ден астам техника жұмылдырылған.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей қадағалауымен
облыс әкімі аппараты мен тиісті басқармалар жағдайды реттеуге барлық құрылымдарды жұмылдыруда. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң электр энергиясы қайта қосылады. Қатты дауыл әлі де жалғасады деген болжам бар.
Төтенше жағдайлар департаментінің бригадасы Бәйдібек, Созақ аудандарында қар құрсауында қалған жалпы 70 адамды құтқарды. Оның ішінде ересектер де, балалар да бар. 4 жүк көлігі мен оннан астам жеңіл көлікті қар құрсауынан алып шықты. Авариялық-құтқару жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде.
Қатты жел мен қарлы боранның салдарынан Созақ, Кентау, Отырар, Қазығұрт, Сауран, Бәйдібек аудандарында электр желілері үзіліп,
бірнеше мың абонент жарықсыз қалды. Қалпына келтіру жұмыстарына 4 бригада, 12 техника, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің 34 қызметкері жұмылдырылды. Соңғы мәлімет бойынша елді-мекендердің басым бөлігінде электр энергиясы қалпына келтірілді. Жұмыс жалғасуда. Ауа райының қолайсыздығынан туындаған жағдай ретке келтіріліп, авариялық кедергіні жою бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Азаматтардың арыз-шағымдарын назарға алу үшін 109 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істеп тұр. Оған 600-ден астам қоңырау түскен.
Облыстық әкімдікке қарасты құрылымдар, төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері, ішкі істер департаментінің полицейлері, “Оңтүстікжарық” энергетиктері, “Қазавтожол” техникалары күшейтілген жұмыс тәртібіне көшіп, 24/7 режимде жұмыс істеуде.