Өрт сөндірушілерге ресми түрде 1 қаңтардан бастап өскен жалақы тек наурыз айынан бастап төленеді. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап өрт сөндірушілердің жалақысы көтерілген болатын. Алайда төтенше жағдайлар қызметкерлері жаңа айлықты тек наурыз айынан бастап алады.
«Қаңтар мен ақпанда біздің қызметкерлерге бұрынғы жалақы төленеді. Бірақ наурыз айында бюджетке ақша түсуіне қарай алғашқы есептеулер жүргізіледі», — деді Ильин үкімет кулуарында.
Осы орайда журналистер өрт сөндірушілердің қазіргі жалақысы қанша екенін және көктемде қаншаға өсетінін сұрады.
«Әртүрлі санаттарға байланысты, бірақ төменгі буындағы қызметкерлер 110 мың теңгедей алады. Біздің есептеулеріміз бойынша, олардікі 180 мың теңгеге дейін көтеріледі», — деді министр.
Бұл ретте Юрий Ильин министр, оның орынбасарлары мен комитет төрағаларының айлығы өспейтінін атап өтті. Ал өрт сөндіру қызметі мен департаменттердің басшылық құрамының жалақысы тек 20 процентке дейін ғана ұлғаяды.