Облыс басшысы арыстықтардың арызына құлақ түрді

32

Арыстық тұрғындар облыс басшысына арыз-шағымын жеткізді. Олардың басым бөлігі инфрақұрылым саласына бағытталған. Ал өткен жылы кездесулерде 13 мәселе көтерілген. Оның қазірге дейін 4-еуі толық шешілген. 

Арыстық тұрғындар облыс басшысына мұң-мұқтажын жеткізді. Жиналған жұртшылықтың көбісі инфрақұрылым мәселесін көтерген. Олардың бірі сапасыз жолдың проблемасын айтса, енді бірі көгілдір отын мен электр жарығына байланысты өз шағымын жеткізді.

«Электр бағаналары ескірген. Тым ескі, осы біздің арызымыз президентке жете ме екен»- дейді қала тұрғыны.

Өткен жылы өңір басшысы халықпен 2 рет кездесіп, есеп берген еді. Ол кезде ең ауқымды 13 мәселе жазып алынған. Қазір соның 4-еуі шешімін тапты. Ал «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында ауылдарға мәдениет ошақтары мен білім ордаларын салу жоспарланған.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында 874 млн теңгені қарастырылған. Жиделі ауылында 120 орындық, Ақдала ауылында 240 орындық клуб пен кітапхана құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандардың құрылысы биыл аяқталады. Сондай-ақ Көкжиде елді мекеніндегі мектепті күрделі жөндеу үшін 188 млн. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілген. Барлық мәселе шешімін табады. Сіздердің мәселелеріңіз бойынша тағы бюджеттен қосымша ақша қаралатын болады»

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында жақсы көрсеткіштер бар. Былтыр 23,5 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 3,6 млрд. теңгеге артық. Биыл белгіленген меже орындалу үшін көктемгі дала жұмыстарына мемлекет тарапынан төмендетілген бағамен 1,5 мың тонна дизель отыны бөлінді.