Кәсіпкерлікпен айналысуға ниеттілердің қатары көп

Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында аудан әкімінің халықпен кездесуі жалғасын тауып жатыр. Кездесу барысында тұрғындардың басым бөлігі кәсіпкерлікті дамыту бағытында мемлекеттен көрсетіліп жатқан қолдаулар жайлы көбірек сұрақ жолдайды. Өйткені Қазығұрт ауданы ауыл шаруашылығын дамытуға, әсіресе мал шаруашылығын дамытуға өте қолайлы аймақ. Сондықтан да тұрғындар жеке кәсібін ашып, ісін ілгерілетуді көздейді.

Күні кеше Қазығұрт ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Мұхамедғали Әшірбаев ҚР Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында, Шанақ, Қ.Әбдалиев ауыл округтерінде халықпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында елді мекен тұрғындары тарапынан кәсіпкерлікті дамытудан бөлек, ауыз су, ағын су, көше жарығы, электр бағаналарын ауыстыру, жол жөндеу және жол кедергісін орнату, интернет желісі секілді мәселелер төңірегінде сұрақтар қойылды.

Ауыл азаматтары тарапынан қойылған барша сұрақтарға аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Мұхамедғали Шыршықбайұлы толыққанды жауап беріп, айтылған ұсыныстар бойынша мекеме және бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеп, барша мәселенің назарға алынатынын, сондай-ақ кезең-кезеңімен жоспар бойынша шешімін табатынын айтып өтті.

Ал жеке кәсібін бастауға ниетті азаматтарға аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі мамандары тарапынан түсіндірме жұмыстары жүргізілді.