Қала әкімі су тасқынының алдын алу жұмыстарымен танысты

38

Шымкент қаласының әкімі Бадам су қоймасына барып, онда жүргізіліп жатқан су тасқынының алдын-алуға бағытталған жұмыстармен танысты. Биыл қардың жылдағыдан қалың жауғанына байланысты қойма суға толған. Егер сел алу туындаған жағдайда шлюздарды реттеу арқылы артық суды «Бадам» өзеніне жіберу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Мұрат Әйтенов 2020 жылы мол жауын-шашын салдарынан үй мен шаруашылық құрылыстарын су басқан Елтай тұрғын алабындағы каналдардың жай-күйін бақылады.

Биыл Шымкентте қыс ерекше қарлы және аязды болды. Синоптиктердің алдағы күндерге арналған болжамы да көңіл көншітпейді. Оған себеп – жауын-шашын мен қар аралас жаңбыр және ауа температурасының көтерілуі. Бұл — қардың еруін тездетуге және өзен суының көтерілуіне әкелуі мүмкін. Мегаполистің жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы қала әкіміне таудан аққан су қазір қайда кетіп жатқанын көрсетті.

Ержан Жолдасов, Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы:
«Мына каналымыз Бадам су қоймасына барады, толтыруға. Енді егер Бадам су қоймасы толған уақытта біз сбросты Бадам өзеніне жібереміз. Сонда осы жерде регулировка жасайды. Қазір осы жерді дайындап жатырмыз, қалай жұмыс істейді, қанша су жібереміз».

Барлық арналардағы су өткізгіш құбырлар күн сайын қар мен мұздан тазартылып отырады. Қаладағы стратегиялық маңызды нысандардың бірі — Тоғыс су қоймасы. Шымкенттің бас құтқарушысы қазір мұнда су басу қаупі жоқ екенін айтады.

Мадияр Жақсыбаев, Шымкент қалалық ТЖД бастығы: «Қазір ешқандай қауіп жоқ, бізде барлық қажетті жабдық, керек күш пен техника бар. Біз тұрақты түрде аумақтарды тікұшақпен бақылап қауіпті аймақтарды тексеріп отырамыз».

Каналдың бұл тармағы Қарабастау, Забадам, Жыланбұзған және тағы басқа тұрғын алаптарға қызмет көрсетеді. Қиындықтардың алдын алу үшін барлық өзен арналарын қоқыстан тазарту бойынша тапсырмалар берілді. Мамандардың сөзінше, қазір ең маңыздысы – каналдарды мұздан тазарту.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Бұл жерде кезекшілер жүреді. Біздің алдымыздағы аптада үлкен жаңбыр болайын деп жатыр, 4 ақпанда. Ең қауіпті 4 ақпан болып тұр. Бұл жерде күніне 15 миллиондай куб метр су келеді деген прогноз болып жатыр. Соған қазір алдын ала дайындалып жатырмыз. Ең бастысы үлкен каналдарды тазалап, оның жүйесін өткізуге мүмкіндік жасап, сол үлкен қаупі бар деген кезде бізде мына техникалармен бірге кезекшіде тұрады. Менің тапсырмама сәйкес, қалада штаб құрылды. Оның төрағасы бүгінгі күнде менің орынбасарым Мақсұт Пернебайұлы болады. Әр аудан әкімдер мен тиісті басқарма басшылар мен территориалдық басшылар».

Шымкентте су тасқынының алдын алу бойынша дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқарушылар су тасқыны болуы мүмкін аймақтарда тұратын адамдарға нұсқаулық беріп, қауіпсіздік шараларымен таныстыруда. Бүгінде коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Өзендер, су қоймалары мен көшелерді қардан мүмкіндігінше тазартып үлгеру қажет. Қала әкімі барлық қажетті шұғыл шараларды қабылдауды тапсырды.