Шетелдік көліктерді рәсімдеу бойынша тікелей эфирде түсіндіру жұмыстары жүргізілді

24

Елімізге өткен жылы қыркүйек айының біріне дейін әкелінген көліктерді тіркеу шаралары 2023 жылдың 23 қаңтарынан бастап іске аспақ. Бұл туралы барынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында, Түркістан облысы ПД-нің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында тікелей эфир ұйымдастырылды.

Шараға спикер ретінде қатысқан Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков: «Шетелдік көліктерді заңдастыру тапсырмасын орындау үшін Заң жобасы әзірленді. Бұл бір реттік акция 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады.Ал Түркістан облысында шетелдік автокөлік құралдарын тіркеуге өтінім Түркістан, Сарыағаш қалаларында, Сайрам, Мақтаарал ауданында орналасқан 4 арнайы ХҚКО-ға қабылданады.
Іздестіру базалары бойынша құжаттар мен көлік құралын тексергеннен кейін автомобиль арнайы ХҚКО жанынан тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсынылады. Содан кейін алғашқы алым, техникалық төлқұжат пен мемлекеттік нөмір үшін мемлекеттік баждар, сондай–ақ қажет болған жағдайда кедендік баждар төленеді. Тіркеу бекітілгеннен кейін көлік иесіне қазақстандық техпаспорт және мемлекеттік нөмір беріледі»-деп атап өтті.
Сонымен қатар полиция полковнигі А.Тастанбеков, жоғарыдағы ақпаратты түсіндіру мен құқықтық кеңес беру бойынша тікелей эфирде желі қолданушылары тарапынан түскен 40-қа жуық сауалдарға жауап берді.