Шымкент ҚПД Жедел басқару орталығының «102» арнасына жеңіл автокөлік жол үстінде әйел адамды қағып кеткені туралы хабарлама келіп түскен.
Оқиға орнына шұғыл ЖПҚБ Патрульдік полиция полкінің №953, 969 автоэкипаж қызметкерлері жетеді. Оқыс жағдай А.Байтұрсынов пен Б.Момышұлы көшелерінің қиылысында орын алған. Тексеру барысында жүргізуші өзінің басқаруындағы көлігімен 56 жастағы әйелді қағып, жол-көлік оқиғасы орын алған жерді тастап, дереу бой тасалап кеткендігі белгілі болды. Жәбірленуші түрлі дене жарақаттарымен қалалық ауруханаға жеткізілді.
Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шарасының нәтижесінде, қылмысқа қатысы бар «LADA Priora» маркалы автокөлігінің жүргізушісін анықтап, ұстады. Ол 22 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Күдікті кінәсін толық мойындап отыр. Автокөлік айып тұрағына қойылды.
Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты тиісті сараптамалар тағайындалып, ҚР ҚК-тің 345-бабының 2-бөлігімен (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан іс-әрекеті) сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуде.