Әкесінің достарын алдап, тауарлық несие рәсімдеп, оны көрші мемлекетке сатып жіберген жігіт ұсталды

55

Мақтаарал аудандық полиция бөліміне екі бірдей тұрғын арызданды. Жәбірленуші ер адамның бірінің айтуынша, оның атынан белгісіз біреу тауарлық несие алып, 1 миллион 150 мың теңге шығын келтірген. Ал, екінші арызданушының атынан 435 мың теңге алып, банкке қарыз еткен.

Біраз уақыт өткен соң берешектері көбейіп, банктен хабар келгенде, жәбірленушілер тез арада тәртіп сақшыларынан мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұрайды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.
Арызданушылардың шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында мақтааралдық полицейлер қажетті іздестіру- шараларын жүргізді. Нәтижесінде осы қылмысқа қатысты күдіктіні анықтап, оны тұрғылықты мекенжайынан ұстады. Алаяқтық жасаған жас жігіт жәбірленушілердің досының ұлы болып шықты.
Анықталғандай, күдікті жас жігіт егде жастағы тұрғындардың ұялы телефон қолдануды онша білмейтінін пайдаланған. Яғни жәбірленушінің біріне «телефоныңызды вирустан тазартып беремін» деп алдап, оның атынан тауарлық несие шығарып алған. Екінші жәбірленушіге де кезекті өтірігін айтып, соңында сан соқтырған. Содан шағымданушылардың атынан 2 дана «IPhone 13» пен 1 дана «IPhone 13 Pro» алып, Өзбекстанға сатып жібергені белгілі болды.
Қазіргі таңда іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Күдікті қамауда.