Сауран ауданында инвестиция көлемі артқан

53

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданының тұрғындармен кездесті. Облысты, ауданды дамыту жоспары туралы баяндап, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Жиналған тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Түркістан облысында Сауран ауданы құрылғалы бері 26 млрд. теңге инвестиция тартылды. Оның 20 млрд. теңгесі – жеке инвестициялар. Жалпы құны 3 млрд. 429 млн теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске қосылып, 384 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал биыл 6,3 млрд. теңгені құрайтын 6 жеке инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде 195 жаңа жұмыс орны ашылады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды ауданға жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесті. Әрі мұнда туризмді дамыту керек екенін айтты.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: “Сауран ауданы жаңадан құрылған соң әлеуметтік-экономикалық дамуы жандана түсті. Дегенмен инвестиция көлемін ұлғайту жұмыстарын күшейту керек. Облыс орталығына жақын орналасқандықтан ауданның әлеуеті жоғары. Жаңа кәсіпорындар ашуға мүмкіндік мол. Екіншіден, орта ғасырлардан сыр шертетін тарихи Сауран қалашығы бар. Туризмді дамытуға болады. Аудан әкімі осы бағытта жұмыс жүргізуі тиіс. Сауран ауданын дамыту жұмыстары жалғасады”.

Облыс әкімінің саурандықтармен өткен жылғы кездесуі нәтижесінде бірқатар мәселе шешімін тапқан. Мәселен, Иассы ауылдық округінің интернет желісінің нашарлығы туралы шағымға байланысты Еңбекші-дихан елді мекенінде «Билайн», «Кселл» операторының 4G стандартын қолдайтын жаңа станциялары орнатылды. Ал бұл жолғы кездесуде тұрғындар инфрақұрылым, жол, ауыз су, ағын су және өзге де мәселелерді қозғады.

Айта кетейік, ауданда ауыл шаруашылығы саласында 87 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 1,7%-ды құрады. Ал егіс көлемі 42 мың гектарға жетті. Сондай-ақ ауданда құрылыс жұмыстары да артқан. 30 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, құрылыс 44%-ға ұлғайып отыр. Қазіргі таңда Сауран ауданында 5 мемлекеттік орган ғимараттарының құрылысы жүргізіліп жатыр.