Шайбалы хоккейден 18 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем біріншілігінде қазақстандық жасөспірім қыздар бесінші мәрте жеңіске жетті. Осылайша құрама 15 ұпаймен В тобының үздігі атанды.
Олар Болгария, Жаңа Зеландия, Бельгия, Эстония командаларын тізе бүктірген. Шешуші кездесуде жауапсыз жеті шайба соғып, Исландия құрамасын қапы қалдырды. Осылайша қазақстандық хоккейшілер енді екінші дивизионның А тобында сынға түсуге мүмкіндік алды.