Шымкент автопаркі 12 жаңа автобуспен толықты

Шымкентте №30 бағыттағы қоғамдық көліктер жаңартылды. Енді бұл бағытта 12 жаңа автобус жүреді. Бейнекамералармен және салқындатқыш жүйесімен толық жабдықталған көліктер, тұрғындар үшін 27 сәуірден бастап қызмет көрсетеді.

Сайрам тұрғын алабының жұрты үшін қызмет көрсететін №30 бағыттағы автобустар жаңартылды. 12 қоғамдық көлік 10 кестемен қызмет көрсетеді. Ал құны 30 млн-ға жуық тұратын автобус 27 сәуірден халыққа қызмет көрсете бастайды.

Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Мынау №30 автобус Сайрам мен Ордабасы алаңының арасында жүретін автобус. Бұрынғы жүретін автобус «Шао линь деген» болған 15 орындық, қазір мынау «Ютонг» жақсы автобустар 21 орындық. Ереңнен бастап жұмысқа шығарамыз».

Сәкен Сейітов су жаңа автобусты алғашқылардың бірі болып сынап көрді. 20 жылдық тәжірибесі бар жүргізуші қоғамдық көліктің жаңарған үлгісі барлық заманауи талаптарға сай екенін айтады. Сөзінше, автобус іші кең және бейнекамералармен, сондай-ақ салқындатқышпен жабдықталған.

Сәкен Сейітов, №30 автобус жүргізушісі: «Ескі болғанда да олардың жағдайы жақсы,  бұл автобустарда кондиционері бар, камерасы бар, оларда жоқ қой. Ыңғайлы, іші кеңдеу. 50 градусқа дейін ыстық болады, сол кезде халық сәл қиналады да, ал мынада қиналмайды да, кондиционер қосып қоясың».

Бұған дейін бұл бағытта қызмет көрсетіп келген ескі автобустар 2015 жылы сатып алынған көрінеді. Басқарма басшысы егер күтіп ұстаса, жаңа қоғамдық көліктер 7-8 жылға дейін қызмет көрсететінін айтады. Қатарға қосылған жаңа автобустар 21 орындық, ал жалпы сыйымдылығы 60 адамға дейін. Қазір қоғамдық көліктерге Төлем валидаторлары, планшеттер және GPS орнатылған. Ал жаңа қозғалыс құралдарының құны 30 млн. теңге дейді тасымалдаушы компания өкілдері.

Бахтияр Абдуғаниев, транспорт компаниясының басшысы: «Енді Құдай қаласа. бізге субсидия беріп жатыр, соның арқасында біз  осындай автобустар алып келдік. 10 графикке 12 автобус, екеуі резервте тұрады, 10 автобус күн сайын қызмет етеді».

Мұхтар Қоқанбаев, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Жолаушылардың сұранысына сәйкес, сол бойынша 2 тасымалдаушы жаңартамыз деп отыр, біз күтіп отырмыз. Егер жаңартпаса біз ары қарай шара қабылдаймыз. Соладың бірі осы Абдуғаниев болып табылатын, оған талап қойылды, ол бір маршрутты толық жаңартып отыр».

Жаңалау жұмыстары транспорт басқармасы мен тасымалдаушы компаниялардың арасында түзілген келісімшарттар негізінде жүргізілді. Қызмет көрсету шығындарын транспорт басқармасы өз мойнына алады, яғни төлемдер субсидия есебінен жүзеге асырылады.

Айта кетейік, қазіргі таңда қала ішінде 1000-ға жуық автобус қатынайды. 77 тұрақты қалалық маршрут бойынша күнделікті маршруттарға 877 автобус шығады. Мегаполисте бүгінде жеке меншік 10 тасымалдаушы компания қызмет көрсетеді.