Шымкентте дәмхананы паналап келген отбасыға баспана берілді

64

Шымкентте дәмхананы паналап келген жалғызбасты ана баспаналы болды. Ол 5 перзентімен жалдамалы пәтер иелері қабылдамаған соң амалсыз суық жерде тұрып келген. Ал мұқтаж отбасының жағдайымен танысқан қайырымдылық қоры халықтан жылу жинап, Шұбарсу елдімекенінен үй алып берді.

3 жыл бұрын жолдасы өмірден өткен Мария 5 перзентімен дәмхананың бір бұрышын паналуға мәжбүр еді. Өйткені, жалдамалы пәтер иелері балаларымен қабылдамайтын екен. Ал өзі еден жуушы әрі аспаз көмекшісі болып жұмыс істейтін дәмхана басшылығы осында уақытша тұруға рұқсат берген.

«Оңай емес, дәмханаға неше түрлі адамдар келеді. Балаларыма тиіп кетпесін деп шырылдап жүремін. Қанша жұмыс істесем де, бір адам болғасын болмайды екен. Мен балаларымның салқын жерде тұрып, ауру болғанын қаламаймын»,-дейді ол.

Бұл күндер де қорқынышты түстей өте шықты. Бүгін «Дәулеттен» қайырымдылық қоры бұл отбасыға қуаныш сыйлап, Түркістан облысына қарасты Шұбарсу елдімекенінен баспана алып берді.

Бұған дейін дәмханаға келушілерінің кетуін күтіп, түннің бір уағында сабақ оқитын балалар енді өз бөлмесінде еркін білім ала алады. Әрі ең бастысы жылы баспанада тыныш ұйықтайтын болды. Мәрияның қуанатыны да осы. Перзентерінің болашағына уайымдап шырылдаған ана осындай мүмкіндік сыйлаған күллі қазақ жұртына алғысын білдірді.

Мәрия Мұхтасарова, көпбалалы ана: «Дәулет» қорына, бізге көмек қолын созған халыққа мың рақмет. Мектеп мұғалімдеріне де алғысым шексіз. Қатты толқып тұрмын. Эмоциямды жеткізе алмаймын. Өте ұнады үй».

Қордың қамқоршылық кеңесінің мүшесі Дәулет Төлеутайұлының айтуынша, бұл отбасына баспана сыйлау үшін қорға 21 млн. теңге жиналыпты. Оның 20 млн-на 5 бөлмелі үй алынып, 1 миллионы үйдің керек-жарағына жұмсалған. Сонымен қатар Мәрияның балалары білім алатын мектеп ұжымы да игі іске ат салысыпты.

Дәулет Төлеутайұлы, «Дәулеттен» қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі: «Жиналған хаттардың барлығын саралай отырып мұқтаж жандардың тізімін жасаймыз. Одан кейін кезекке қоямыз, себебі мұндай жандар өте көп. Сосын оны тескереміз, себебі кейде өтірік жазатындар да бар. Жалпы осылай біздің қор аясында айына 1 рет баспана сывйлап бір отбасын қуантып отырамыз қайырымды жұма ретінде».

Ешкімді бөліп-жармаймыз деген қор ұжымы Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі мұқтаж отбасыларға қол ұшын созуға дайын. Қайырымды жандар қиын жағдайға түскен жанұяларды баспанамен қамтып, білімін жетілдіру арқылы көмек көрсетуді көздейді.