Шымкент қаласында оншақты күннің ішінде пияз екі есеге қымбаттап кетті. Оған көрші Ресей мен Өзбекстанда көкөністің тап осы түріне сұраныстың артуы себеп. Сондай-ақ Шымкентке пияз Жамбыл облысынан жеткізілетін болғандықтан оның бағасы тауар өндірушілерге тәуелді. Қазір көтерме саудадағы бағасы 300 теңгеге жетті. Осыған байланысты мегаполисте бағаны тұрақтандыру шаралары қабылдануда.
Деректерге сүйенсек, шаһар халқы айына 2 мың тонна пияз тұтынады. Әлеуметтік маңыздағы азық-түлік қорын жасақтау үшін биыл ірі сауда орындарына қала бюджетінен 8,7 миллиард теңге бөлінген. Енді әлеуметтік дүкендерді көбейту тапсырылды.
Жандос Қаниев, Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы: «Мемлекеттік бақылау бар, құзырлы мекемелерден құрылған арнайы комиссия бар. Апта сайын сауда нысандары, базарларға мониторинг жүргізіліп, 15 пайыздық сауда үстемесін асырған жағдайда кәсіпкерге тиісті әкімшілік шаралар көріледі».