Түркістандық мақташылар өнімдерінің ақшасын әлі ала алмай жүр

64

Түркістан облысында Мақтаарал мен Жетісай аудандарының мақташылары күзде өткізген өнімдерінің ақшасын әлі күнге дейін ала алмай жүр. Салдарынан қаржыдан қысылған шаруалар көктемгі егісті мерзімінде бастай алмайтын түрі бар. Ал, зауыт қожайындары трейдерлік компаниялардың әлі келмегенін алға тартып отыр.

Дәл көктемгі дала жұмыстары басталар шақта жетісайлық шаруалар тығырыққа тірелді. Ала жаздай тынымсыз еңбек еткен олар ақыры өткізген мақталарының ақшасын ала алмады. Олар енді егіс алқаптарын өңдеуге бір тиын таппай отыр.

Үсен Жұманов, Мақталы ауылының тұрғыны: «50 тонна мақта өткізгенмін, қазір бес ай болды 3-4 млн. ақша алуым керек, бермей жатыр. Үйде қазір бес алты ай болды, бала шаға ет те жеген жоқ әңгіменің ашығын айтайық».

Өскенбай Ахов, шаруа: «Уәде берген ақпанның 15-не береміз деген 250-ден. Соны әлі берген жоқ. Оны күтіп отырмыз. Әлі қанша жер айдалған жоқ мына жерде. Оны суаруымыз керек, сор шаюымыз керек. Соның бәріне ақша керек қой қаражат, шит алуымыз керек. Селитрамыз бар. Өзекті мәселені жергілікті билік те жақсы біледі. Бірақ, проблеманы шешуге қауқарсыз».

Күзде терілген мақталар қазір зауыттарда тау-тау болып жиналып тұр. Кәсіпкерлер дайын өнімге сұраныс жоқ дейді. Себебі трейдерлік компаниялар жылдағыдан арзан бағаға да алмай қойған. Жетісайдағы зауыттардың барлығында осындай жағдай. Көршілес Мақтаарал ауданында да ақшасын ала алмай жүрген шаруалар жетерлік.

Оралбай Әшірханов, Мақта зауытының өкілі: «Биылғы дайындалған мақтадан бәлен мақта сатылған жоқ. 100-150 тонна көлемінде ғана мақта сатылды. Қалған мақтаның барлығы тұр. Кім келеді, соны ұстап қалу мақсат болып тұр қазір. Шаруадан құтылу үшін. Біз енді амалымыз жоқ пайда көрмесек те».

Нұртас Тұрсынбеков, Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:
«Жалпы бізде жеті мақта өңдеу зауыты бар. Бүгінгі таңға соңғы мәлімет бойынша 345 шаруаға 550 млн теңгедей қарыз. Зауыттар қазір осы айдың аяғына дейін төлеп береміз деп жатыр».

Мәселе бір –екі аптаның ішінде шешілмесе көктемгі дала жұмыстары мерзімінен кешігеді. Онсыз да былтырғы өнімнен пайда көрмеген шаруалар биыл тіптен шығынға батамыз деп алаңдаулы.