Қазақстандағы автопарк жаңаруы кешеуілдеп жатыр. Жыл басындағы дерекке сәйкес, елде шамамен 5 миллион 900 мың көлік тіркелген. Ал олардың орташа қолдану уақыты 20 жылға жуық. Сарапшылардың айтуынша, жаңа көліктердің сатылымы жыл сайын өсіп жатқанымен, бұл көрсеткіш автопаркті толық жаңартуға жеткіліксіз. Оның үстіне, жаңа көліктердің бағасы қымбат, ал жеңілдетілген автонесие бағдарламасы тоқтауы жұртты алаңдатып отыр.
Жаңадан шыққан көліктер сатылымы рекордтық көрсеткішке жетті. Мәселен, былтыр елде 230 мыңнан астам автокөлік нарыққа шыққан. Дегенмен мамандардың айтуынша, бұл меже елдегі алты миллионға жуық көлік паркін жаңарту үшін жеткіліксіз. Себебі елдегі темір тұлпарлардың орташа қолдану уақыты 20 жылға жуақ. Сондықтан бұл қарқын жалпы жағдайды айтарлықтай өзгерте алмай тұр дейді сапаршылар.
АЛЕКСЕЙ АЛЕКСЕЕВ, АВТОСАРАПШЫ: “Қазіргі таңда елдегі автопарктің орташа жасы бәрібір 20 жылдан асып отыр. Тіпті 30 жылдан асқан көліктердің жолда жүргенін қалыпты жағдай ретінде қабылдаймыз. Себебі адамдар мұндай машиналарды жөндеп, қалпына келтіріп, күтіп ұстауға үйреніп алған. Әрине, бұл өз қалаулары емес. Көпшілік жаңа көлік мінгісі келеді. Бірақ басты мәселе — олардың қымбат әрі қолжетімсіз екені”.
Мамандардың айтуынша, елдегі ескі көліктің көптігі бағаның күрт өсуімен байланысты. Соңғы бес жылда автокөлік құны айтарлықтай қымбаттаған. Бұрын базалық үлгідегі машина 2,5 миллион теңге тұрса, бүгінде оның бағасы шамамен 5 миллион теңгеден басталады. Сарапшылар сөзінше, бұған қоса банктің жоғары пайыздық мөлшерлемесі мен жеңілдетілген автонесие бағдарламасының тоқтауы да әсер етіп отыр.
АЛЕКСЕЙ АЛЕКСЕЕВ, АВТОСАРАПШЫ: “Қазір банктердегі несие мөлшерлемесі орта есеппен 26 пайыз шамасында. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Банктер де қаржыны сырттан тартатындықтан, пайыздық мөлшерлемені өз бетінше төмендете алмайды. Сондықтан кейде дилерлік орталықтар түрлі акциялар ұйымдастырып, банктік пайыздың бір бөлігін өздері өтейді немесе бөліп төлеу мүмкіндігін ұсынады”.
Автопарктің ескіруі тек экономикалық мәселе ғана емес, сонымен қатар жол қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді. Мамандар мәліметінше, тозығы жеткен көліктерді пайдалану жол-көлік оқиғаларының қаупін арттырады.
МИХАИЛ БУДЯНСКИЙ, «АВТОКӨЛІКТЕРДІ ТЕХНИКАЛЫҚ ТЕКСЕРУ ОРТАЛЫҚТАРЫНЫҢ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ» ОЮЛ ПРЕЗИДЕНТІ: “Әсіресе тежегіш жүйесінің, руль механизмдерінің және жарық шамдарының ақауы көлікті қауіпті етеді. Өкінішке қарай, мұндай техникалық жағдайдағы көліктер аз емес. Тіпті кейбір қалаларда бұл өте өзекті мәселе. Мәселен, Алматыда мұндай көліктер саны көп. Қазіргі жағдайда ескі автокөлікті толық техникалық талаптарға сай етіп қалпына келтіру оңай емес”.
Сарапшылардың пікірінше, болашақта жағдайды отандық автокөлік өндірісінің дамуы жақсартуы мүмкін. Қазір Қазақстанда жаңа автозауыттар іске қосылып, қосалқы бөлшектер өндірісі де жолға қойылып жатыр. Алайда бұл ұзақ уақытты талап ететін үдеріс. Сондықтан оның нақты нәтижесі мен тұтынушыларға әсері бірден байқала қоймайды.
Әсел Мәлік






