Әл-Фараби ауданында ауланы абаттандыру мен ойын алаңдарын салу өзекті

62

Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданында ауыз су мен электр жарық мәселесі толық шешілген. Сонымен қатар халық сапалы интернетпен де 100 пайыз қамтылған. Бұл туралы аудан әкімі Рашид Мыңбаев айтты. Инфрақұрылым проблемасы жоқ ауданда тұрғындар әкімнен не талап етеді?

«Үшінші мегаполистің орталық аумағын қамтитын Әл-Фараби ауданында халықтың басты мәселесі-аулаларды абаттандыру мен балалар ойын алаңшасын салу». Осылай деген аудан әкімі Рашид Мыңбаев қазіргі таңда бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтады. Мәселен, өткен жылы 59 жоба сәтті жүзеге асырылған. Ал биыл бірінші жартыжылдықта жалпы 41 жоба іске асады деген жоспар бар.

Рашид Мыңбаев, Әл-Фараби ауданының әкімі: «Өздеріңіз білесіздер, Еңбекші ауданынан бірқатар көпқабатты үйлер қосылуына орай, қосымша абаттандыру жұмыстарын талап ететін аулалар саны көбейді. 2025 жылға дейін жалпы 181 ауланы жаңартсақ деп жоспарлап отырмыз».

Жалпы ауданда инфрақұрылым мәселесі шешілген. Жергілікті халықтың 100 пайызы сапалы ауыз су және электр жарығымен қамтылған. Сондай-ақ интернет желісі де толық жүргізілген. Тек табиғи газ бен кәріз жүйесі кейбір елдімекендерде тартылмаған. Бірақ Рашид Мыңбаев жақын арада бұл мәселе де шешілетініне сенімді.

«Бүгінгі таңда Сәуле мөлтекауданы, 276 орамда газ тарту жұмыстары жүріп жатыр. Яғни, 2023 жылдың екінші тоқсанымен Әл-Фараби ауданы 100 пайыз газбен қамтылады. Ал кәріз жүйесі бойынша, шалғай елдімекендерде кәріз жүйесі жоқ болғандықтан, қазіргі таңда 90 пайыздан астам қамту көрсеткішін құрап отырмыз және 2024-2025 жылға дейін толық ЖСҚ әзірленіп, аяқталатын болады»-,деді аудан әкімі.

Айта кетейік, 240 мыңға жуық халық қоныстанған ауданда 17 шағынаудан мен 1 елдімекен бар.