Дәрігерлер автобус апатынан аман қалған бойжеткеннің жағдайы туралы айтып берді

204

Шымкентте «Метро» сауда үйі жанында қоғамдық автобус қағып кетіп, аман қалған бойжеткеннің денсаулық жағдайы жақсарып келеді. Осылай деген дәрігерлер пациентті келесі апта ауруханадан шығаруды жоспарлап отыр.

Жол апатынан зардап шеккен науқас қазір №1 қалалық клиникалық ауруханасының көптеген жарақаттар бөлімінде ем қабылдауда. Бөлім меңгерушісі Эльдар Смағұловтың айтуынша, бірнеше диагноз қойылған пациентке  хирургиялық емнің қажеттілігі жоқ екенін алға тартты.

Еске сала кетейік, 8 сәуірде Шымкенттегі «Метро» сауда үйінің жанындағы екі көшенің қиылысында жүргізуші басқаруынсыз тұрған автобус өздігінен қозғалып, қарсы бағытқа шығып кеткен болатын. Салдарынан жаяу жүргіншілер жолында тұрған 6 адамды қағып,  екі әйел мен жасөспірім оқиға орнында қайтыс болды. Ал кәмелет жасына толмаған екі бала жансақтау бөлімінде көз жұмды. Оқыс жағдайдан аман қалған 18 жастағы бойжеткен қалалық клиникалық ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілген болатын.

Жантүршігерлік жол апаты бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Полицейлердің ресми мәліметі бойынша, жүргізуші автобусты жол бойында қол тежегішінде қалдырып, көліктен шығып кеткен. Оқиға болған күні автобус жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Кейінірек қамауға алынған жүргізушінің қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Ал полицейлер бұл мәліметті жоққа шығарып, ер кісінің уақытша ұстау изоляторында екенін хабарлады.