Парктер шеруі-2023: «Жас Ұлан» мектебінің ауласына көшеттер егілді

79

 

Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ұйымдастырған «Парктер шеруі-2023» табиғатты қорғау акциясы аясында Кеңес Одағының Батыры генерал Сабыр Рахымов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің аумағында «Табиғат көркі — ағаш» ұранымен 55 көшет отырғызып, көгалдандыру іс-шарасы өткізілді.

 

Табиғатты қорғау акциясы салтанатты митингіден бастау алды. Онда Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары Бақыт Айнабеков осындай бастаманың маңыздылығы туралы айтып, «Жас ұлан» республикалық мектебінің ұжымына қоршаған ортаны қорғаудағы белсенді ұстанымы үшін алғысын білдірді.

— «Парктер шеруі» — қорықтарды, ұлттық және табиғи саябақтарды және басқа да қорғауға алынған табиғи аумақтарды қолдау және сақтау идеясы төңірегінде адамдарды біріктіруге арналған халықаралық қоғамдық акция. Біздің елімізде ол 1996 жылдан бері өткізіліп келеді, — деп атап өтті Бақыт Тоқтасынұлы.

Сонымен қатар, Бақыт Тоқтасынұлы мектеп басшылығын алғыс хатпен марапаттап, мектеп тәрбиеленушілеріне саябақ аумағында демалуға 15 жолдама берді.

Салтанатты бөлімнен кейін мектеп оқушылары, офицерлер мен оқытушылар саябақ қызметкерлерімен бірге ағаш отырғызуға кірісті. Олар мектеп аумағында және мектеп маңында ағаш көшеттерін отырғызды. Ағаш отырғызу кезінде саябақтың өкілдері акцияға қатысушыларға ағаш отырғызуды қалай дұрыс жүргізу керектігін түсіндірді. Жалпы алғанда 15 дана боз арша, 10 дана жеміс және 30 дана жалпақ жапырақты ағаштар отырғызылды.

Республикалық мектептің бастығы, полковник Пернехан Орынбеков атап өткендей, ағаш отырғызу балаларға қоршаған ортаға қамқор болуды үйретеді, табиғи байлықты сақтауға және оны көбейтуге шақырады.

— Көшет отырғызудың өзі балалар мен ересектерді біріктіреді. Сонымен қатар, болашақта балалар өз еңбектерінің жемісін көре алатыны жақсы емес пе? Ағаш отырғызу — бұл есте қалатын және басқаларға қуаныш сыйлайтын із қалдыру, — деп қосты полковник Пернехан Орынбеков.

Экоакциялар соңында мектеп тәрбиеленушілері ұлттық саябақ қызметкерлеріне отырғызылған ағаштарға күтім жасаймыз деп уәде берді.

Жиын соңында былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нақты 10 тармақтан тұратын ұлттық жобалар тізімін бекіткен «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының мәні мен маңыздылығы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.