Полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді

153

Бүгінде елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін ауықымды шаралар жүргізілуде. Жасырары жоқ, соңғы әлетте аталған бағыттағы қылмыс саны артып кеткен.Статистикаға сүйенер болсақ, елімізде әрбір үшінші отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық кездеседі екен, әрбір жетінші әйел экономикалық зорлық зомбылыққа ұшырайды, яғни, қаржылық қысымға ұшырайды, ал әрбір алтыншы әйел физикалық зорлық-зомбылыққа ұшырайды.

Яғни, күйеуінің ұрып-соққанына шыдап, отбасын сақтап қалайын, «елден ұят» деп, бәріне төзіп, бағады. Тіпті өлімші халге жеткенде ғана құқық қорғау органдарына хабарласатындары да жоқ емес. Ақшалай қысымға ұшырап, ұрып соққанға төзіп, ауыр психологиялық күйзеліске түссе де шыдап бағатындары бар. Ақыр соңында тағдырына налып, өз өзіне қол жұмсауға дейін барған оқиғалар да аз емес.
Сондықтан да аталған бағыттағы қылмысты болдырмау, алдын алу үшін бүгінде қарқынды жұмыстар атқарылуда.
Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарына тұрмыстық зорлық-зомбылық жайлы ақпараттандыру мақсатында қала деңгейінде ақпараттық кампания ұйымдастырылды. Кампания барысында Шымкент қаласы полиция департаментінің Әл-Фараби, Абай, Еңбекші, Қаратау және Тұран аудандық полиция қызметі басқармасының Әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелері мен «Сана Сезім» ӘБҚО ҚБ, «№3 Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» ҚМУ, сәйкес аудандық әкімдіктердің қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінің өзектілігін түсіндірді.
Іс-шара барысында отбасындағы зорлық-зомбылықтың түрлері, зардап шеккендерге көрсетілетін көмек және Шымкент қаласында жоспарланған іс-шаралар жайлы айтылып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Тәртіп сақшылар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес саласындағы іс-қимылдың құқықтық негіздері және мұндай құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік қаралатынын атап өтті.