Сайрам ауданының тұрғындары жарық пен ауыз сусыз отыр

Сайрам ауданында қатты жел соғып, электр желілерін зақымдаған. Салдарынан тұрғындар жарық пен ауыз сусыз қалды. Өйткені су шығаратын насостар да істен шыққан. Ал қондырғыны жөндеуге қаржы жоқ деген жергілікті билік өкілдері тұрғындардың өзінен ақша сұрап жатыр дейді жұрт. 

Сайрам ауданына қарасты Әйтеке би ауылында жел соқса, электр сымдары үзіліп, жарық өшеді. Себебі электр желілерінің біразын тұрғындар өздері тартып алған. Сондықтан, ауыл жұрты екі күннің бірінде жарықсыз қалатын ауылды тастап, өзге өңірлерге кетіп қалған.

Орал Жүнісов, Сайрам ауданының тұрғыны: «Әр жел тұрғанда ауылда жарық жоқ. Сол мүлдем жоқ, жарық бар кезде күші жетпейді. Үтік пен салқындатқышты бірге қоссаң өшіп қалады ол. Осы 3-4 үй бірігіп бір есептегішке төлейміз, бастан қай жерден тарттық сол жердегі счетчикке 3-4 үй болып төлейміз. Ал, су әлі келген жоқ қой, оның несін төлейміз. Енді қазір су жоқ, жарық жоқ, жақын туыстары барлар кетті. Енді жақын туысы жоқтар отырмыз енді өстіп бірлі жарым».

Мұндағылар екі аптадан бері ауыз сусыз отырған көрінеді. Жиі сөніп қалатын жарық салдарынан су соратын насос күйіп кеткен. Ал оны жөндеу үшін әр отбасы 15 мың беруі керек екен. Алайда тұрғындар бір тиын да бермейміз деп отыр.

«5 күн іштік, 5 күн атау іштік, саған айтайын. Бірде бар, бірде жоқ. Біресе жарықтан көрді, біресе насостан көрді, біресе поплавоктан көрді. Әйтеуір амал таусылған жоқ, осы ауылдың амалы таусылмай жатыр да. 10 күн болды, міне 2 апта» – дейді тұрғындар.

Тұрғындар лас суды күнделікті тіршілікке де пайдаланады, өздері де жуынады. Ал, ас-ауқатқа сүзгіден өткізіп пайдаланады екен. Ал ауданның коммуналдық саласына жауаптылары үш ауылда кешелі бері жарық жоқ екенін айтады. Олқылықты жою үшін үш бригада тынбай жұмыс істеп жатыр деген шенеунік бүгіннен қалдырмай жарық пен суды қосуға уәде берді. Сондай-ақ бұл ауылдың мәселесін биылдан қалдырмай түпкілікті шешпекші.

Баймырза Бейсенбаев, Сайрам аудандық ТКШ бөлімінің басшысы: «Сметалық құжаттарын дайындадық, 38 миллион шамасында болды. Оны осы алдымыздағы май айында болатын сессияға ұсынамыз. Осы сессияда депутаттар толық қолдап отыр. Алдын ала біз дайындаған құжаттарды ұсындық, защита жасадық.»

Жергілікті билік өкілдері ауылда жыл соңына дейін электр бағаналары орнатылып, су мен жарық үздіксіз берілетінін айтады. Ал тұрғындар берілген уәдеге сеніп, күтуге мәжбүр.