Сайрамда жас жігіт досымен бәстесіп, ТікТок үшін көпірден секіріп кетті

5880

Түркістан облысы Сайрам ауданында жас жігіт көпірден секіріп кетті. Бұл сәтті оның досы видеоға түсіріп тұрған.

Бейнежазба ғаламторда пайда болды. Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде полицейлер жас жігіттің бәстесу кезінде көпірден секірген видеосын анықтаған.

Оқиға 1 сәуірге қараған түні Сайрам ауданы Ақсукент маңындағы Ақсу өзені бойындағы жерүсті көпірде болған. Оны жігіттің досы видеоға түсіріп тұрған. Олардың екеуара әңгімесінен жастардың өзара әлденеге бәстескенін түсінуге болады.

Аудандық полицейлер екі жігіттің жеке басын анықтады. Екеуі де жергілікті тұрғындар екені белгілі болды.

Жас жігіттер мұндай қадамға әзіл үшін барғандарын, ал видеоны ТікТок-та жариялауды көздегендерін алға тартқан.

Облыстық Полиция департаментіндегілер суға секірген жігіт жарақаттанбағанын және оның денсаулығына ешқандай қауіп келмегенін айтты.

Көпірден секірген және оны видеоға түсірген екі жігіт өкінетіндерін айтып,  алдағы уақытта өмірге қауіп төндіретін әрекеттерді жасамауға уәде берді.