Шайынды су өңдеу кешенінің қуаттылығы 50 мың текше метрге артады

45

 

Шымкенттегі «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і әр тоқсан сайын ақпараттық тур өткізіп тұрады. Екінші тоқсанда турға қалалық қоғамдық кеңес мүшелері, үй төрағалары мен төрайымдарын шақырып, кәсіпорынның «Диспетчерлік қызмет орталығы», «Су сапасын бақылау зертханасы», «Сарқынды су тазарту құрылғылар кешенінің» жұмысымен таныстырды.

Қазіргі таңда қаладағы сарқынды су тазарту кешенінде қосымша имарат салынып жатыр. Бұл кешеннің іргетасы 1983 жылы қаланған. 2017 жылдан мұнда автоматтандырылған жүйемен қатар, биогаз қондырғысы орнатылған. Қаладан, яғни тұрғындар және барлық өнеркәсіп орындары, мекемелерден шығарылатын сарқынды су осы кешенге түседі де, бірнеше өңдеу, тазартудан өтеді. Сол процестегі газ арнайы қондырғыларға жиналады. Сонымен қатар, мұнда күкірт тазарту стансасы іске қосылған. Биогаздан электр энергиясы өндіріледі. Бүгінде кешен өзін толығымен электр қуатымен қамтып отыр.

— Жалпы, қаладан шығатын шайынды судың кешенде тазартылатын көлемі 150 мың текше метр. Шымкент аумағының күннен-күнге ұлғаюына байланысты шайынды су өңдеу кешенінің қуаттылығын қосымша 50 мың текше метрге арттыру бойынша жұмыс басталып кетті. Оған Еуропалық қайта құру, Даму банкінен несие алынды және Үкіметтен қолдау көрсетілуде. Нәтижесінде бүгінде кешен Орта Азия елдерінде баламасы жоқ ауқымды жобаға айналып отыр, — деді кешеннің инженер-технологы Игорь Гасанов.

Кешеннің өзінде және оның маңында ешқандай жағымсыз иіс жоқ. Оған ақпараттық турға қатысушылары көз жеткізді.
– «Су ресурстары-Маркетинг» мекемесінің шаруашылық жұмыстарына қанықтық. Суды реттеу жұмыстарын көзбен көріп, барлық жұмыс автоматтандырылған жүйеге көшкенін көрдік. Ертеректе Темірланнан қалаға кірер тұстағы лас судың жағымсыз иісі қолқаны алатын. Кәсіпорынның ғылымды тәжірибеге енгізіп, Азиядағы үлкен жобаны қолға алғаны қуантып отыр. Енді кәсіпорын қала халқын таза сумен қамтып ғана қоймай, мегаполис экологиясын жақсартуға да үлесін қоспақ, — деді қоғамдық кеңестің мүшесі Исмаилбек Шалабаев.

Айта кетейік, жыл басынан бері «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС тұрғын алаптарда су құбыры және кәріз желілерінің тозығы жеткен бөліктерін жаңартуды және ауыстыруды қолға алған. 2023 жылға бекітілген инвестициялық бағдарлама аясында Жібек жолы көшесі бойындағы су құбырын реконструкциялау жұмыстарын жүргізіп отыр.

«Шымкент келбеті»