«Септик» сан соқтырмасын…

504

Шымкентте шайынды су көшеге ағып, қауіп төндіруде. Оған әр жекеменшік үйдің қалдық шұңқырын тағы қосыңыз. Сақталмаған санитарлық талап соңы эпидемияға алып келуі әбден мүмкін. Экологтар қалдық су жер қойнауындағы тіршілік нәрін ластап жатқанын айтады. Елдегі үшінші мегаполис саналатын Шымкентте кәріз жүйесімен қамтылмаған үйлер көп.

Қала сыртындағы шағынаудандар кәріз жүйесімен қамтылмаған. Соның салдарынан шайынды су үй жанынан қазылған септиктерге, олар толса көшеге ағады. Бұл шағынаудан төрағаларының бас ауыртар басты проблемасынан айналған. Көршілерінің салғырттығынан далада таза ауамен тыныстау мұңға айналған.

"Септик" сан соқтырмасын...

Химфарм шағынауданы тұрғындарының айтуынша, мұнда кәріз жүйесі мүлдем болмаған. Ал арықтан су ақпағандықтан, бүгінгі күнде кәріз құбырына айналған. Сол шайынды су көше соңына жиналып, жағымсыз иіс қолқаны қабады.

Эколог мамандар бұл мәселені бірнеше рет көтерген. Олар күн санап өсіп келе жатқан қаланың экологиялық ахуалды нашарлап қана қоймай, эпидемия тууы мүмкін деп дабыл қағуда.

"Септик" сан соқтырмасын...

Миллионға жуық халқы бар шаһарда 40 мың көп қабатты және 70 мың жеке үй бар. Көп пәтерлік үйлер орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Ал жеке секторларды жүйемен қамту кезең-кезеңімен атқарылатын коммуналдық шаруа ретінде шегеріліп келеді.

Яғни, септикке сенген ағайын болашағының саулығына салғырт қарап отыр. Жер астынан шығатын ағын суды ластап, табиғатқа залал келтіруде. Өкініштісі сол, жергілікті билік тапарынан бұл мәселе орынды шешілмей келеді.

Асқар Сәтпаев