5 жасар қызға зорлық көрсеткен педофилді көршілері соққыға жыққан

699

Түркістан облысында елді дүр сілкіндірген 5 жасар қыздың зорлануына қатысты жаңа деректер пайда болды. Куәгерлерінің айтуынша, зорлық-зомбылық салдарынан баланың көмейіне зақым келген. Сондай-ақ, арсыз әрекетке барған ер адам жәбірленушінің көршісі екені белгілі болды.

Түркістан облысында белгісіз ер адам 5 жасар қызға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсетіп, баланың көмейін жарып жіберген. Осылай деген оқиға куәгерлері азғындыққа барған ер адамды өздері ұстап алып, қатты соққыға жыққан. Сөздерінше, жантүршігерлік оқиға айдың күннің аманында подъездердің бірінде орын алған. Барлық мән-жайды әкесіне қыздың өзі айтып беріпті. Ең сорақысы, күдікті жәбірленушінің көршісі екен.

«Оқиға подъезде болған. Әкесі көлігін жуып тұр. Ал анау үшінші қабатта осындай тірлік жасап жатыр деп естідік. Шошыдық кәдімгідей. Камерадан тауып алды. Кішкентай қыз шығып әкесіне айтқан ғой осындай жағдай болғанын. Осыдан кейін қорқып қалдық, сыртқа шығуға. Барлығымыз қыз өсіріп отырмыз».

«Мен үшін бұл жағдай қатты қорқынышты. Себебі өзім 4 бала тәрбиелеп отырмын. Біз ол баланы күнде көретінбіз, осында жүретін. Күдікті ештеңе байқамадық. Бұл жігіт келіп, мойындап, кешірім сұрады»,-дейді Арыс қаласының тұрғындары. 

Түркістан облыстық полиция департаменті күдікті ұсталғанын хабарлады. Қылмыстық іс жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық бабы бойынша қаралып жатыр. Бірақ, істің құпиялығын сақтау мақсатында полицейлер қылмыскер туралы ақпаратты жария етпеді. Тек Арыс қаласының тұрғыны екені белгілі. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Бұл факт ҚР қылмыстық кодексінің 121 бабы, 4 бөлігі бойынша тіркеуге алынды. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі таңда оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Полицейлер дағдарыс орталығымен байланысып, қызбен психологтар жұмыс жүргізды. Қазір жасөспірім үйінде. Сараптама қорытындысына сәйкес қыздың денесінде басқа да жарақаттар анықталған жоқ»,-деді Түркістан облысы ПД криминалды полиция басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Қуатов.

Сондай-ақ әлеуметтік желіде бұл жағдайдан кейін кәмелетке толмаған қыздың көмейі жарылып, жансақтау бөліміне түскені туралы ақпарат тарады. Бірақ полиция бұл ақпаратты жоққа шығарды. Олардың айтуынша, жәбірленушінің денсаулығы тұрақты. Сараптама қорытындысына сай ешқандай жарақат табылмаған.