Úı ANONS Студенттер жаппай төбелесті

Студенттер жаппай төбелесті

Түркістан облысы Арыс қаласындағы №17 колледж студенттері жаппай төбелесіп, бір адам жарақат алған.  Студенттердің сөзінше, жоғарғы курста оқитындар әлімжеттік көрсеткен. Үнемі ақша жинатып отырған. Колледж әкімшілігі бұл жайдан хабардар, мәселе шешіліп жатыр дейді олар.

27 қараша күні күндіз Түркістан облысы Арыс қаласындағы №17 колледж алдында жаппай төбелес болған. 2-курс студенттерін 1-курс студенттері ұрып тастаған. Бұған олардың әлімжеттік көргені себеп болуы мүмкін. Төбелестің ішінде болған 1-курс студенті Санжар Есімбектің айтуынша, жоғарғы курс студенттері қыркүйек айынан бастап олардан жүйелі түрде ақша талап еткен. Ақша болмаса таяқтың астына алған.

Санжар Есімбек, студент: «Келеді, ұрады, ақша қояды. Шәкіртақы түскен сайын ұрады. Ақша қоя береді. 2-3 мың теңгеден қояды. Үйге хабарласып ақша беріңдер дейміз. Тауып бермесек тағы ұрып-соғады. Барлығымызды жинап алады да ұрады».

Санжар Есімбектің сөзін курстастары да растап отыр. Студенттер жоғарғы курс студенттері тұрақты түрде ақша беруді міндеттеп жатқанын полиция инспекторына, колледж әкімшілігіне де айтып, шағымданған. Бірақ ешкім көмектеспеді дейді.

Дінмұхаммед Абдулхамит, студент: «Қуаныш ағайға жоғарғы курс студенттері ұрып, ақша сұрайтынын айттық. Ешкім көмектеспеген соң біз де қарсы шығып ұрдық. Өздері үшеу болып жүреді. Біз 15 бала жабылып кеттік. Ақша бермесең қысады, дәретханаға алып барып ұрады».

Колледж директорының орынбасары Бауыржан Орынбай студенттер арасында жаппай төбелес болғанын растады. Айтуынша, студенттермен, олардың ата-аналарымен сөйлескен. Дегенмен, мәселе әлі толық шешілмеген.

БАУЫРЖАН ОРЫНБАЙ, №17 КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Осындай әлімжеттік болмаса басқа деген сияқты  хабар беріңдер деп үнемі айтамыз. Дегенмен олар осы уақытқа дейін айтпай келді. Төбелес, бірімен-бірі ерегісу туралы хабар енді шықты. Қазір анықтау жұмысы жүргізілуде».

Колледж директорының тәрбие ісі жөнінде орынбасары Шынар Асанова төбелеске және ақша жинауға көрші мектеп пен колледж оқушыларының да қатысы болуы мүмкін дейді.

ШЫНАР АСАНОВА, №17 КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕ ОРЫНБАСАРЫ: «2-3-курс студенттері тарапынан әлімжеттік болды ма, сендерді қорқытып, ақша жинады ма?» дегенде бізге тікелей, нақты айтқан жоқ.  Оның қасында №11 мектептің оқушылары бар. Қасымыздағы гуманитарлық колледж студенттері бар. Бірақ жұмыс жүргізілу барысы жүргізіліп жатыр».

Түркістан облыстық полиция департаменті студенттер арасында болған төбелесті растады. Департамент дерегінше, Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалған. Оқиғаға қатысушылар ата-аналарымен бірге полицияға жеткізілген. Дегенмен екі тарап қылмыстық істі жүргізуге қажетті рәсімдеуден өтуден бас тартқан.

БАУЫРЖАН ЗИЯТОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Қылмыстық іс аясында жәбірленуші мен оқиғаның басқа да қатысушыларының барлық уәждері тексерілетін болады. Бұл факт жасөспірімдер мен олардың заңды өкілдерінің қатысуымен әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияда қаралды. Жанжалға қатысушылармен құқық бұзушылықтарға жол бермеу және құқыққа қарсы мінез-құлық үшін жауапкершілік туралы профилактикалық әңгімелесу жүргізілді».

Полиция, сондай-ақ  тиісті міндеттерін орындамағаны үшін ата-аналарды жауапкершілікке тарту туралы мәселе қаралатынын мәлімдеді.

Дилара Иса