Түркістан облысының жер қатынастары басқармасы мен жер ресурстарын басқару департаменті 2025 жылға ауыл шаруашылығы мақсатындағы, соның ішінде жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша Сайрам ауданына 1000 гектар жоспар бекіткен. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 801 гектар жер ауданның арнайы жер қорына қайтарылып, жоспар толық орындалды.
Жыл соңына дейін жалпы 1000 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару толық жүзеге асырылады деп күтілуде. Ал су ресурстары бойынша аудан аумағында, су жеткіліксіздігіне қарамастан, тындырымды тірліктер атқарылып жатыр. Мәселен, каналдарды күтіп баптау, шаруаларға су жеткізу жұмыстары жүзеге асырылған.
Өңірде жылыжай иелері мен шаруа қожалықтары суды үнемді пайдалану мақсатында өз қаражаты есебінен тамшылатып суару жүйесіне көше бастады. Бұл тәсіл егістік өнімділігін арттырып қана қоймай, су тапшылығының алдын алуға мүмкіндік беруде. Сонымен қатар мамандар су ресурстарын тиімді басқару үшін каналдарды бетондау жұмыстарын қолға алмақ. Бұл шара судың топыраққа сіңіп жоғалуын азайтып, егістікке жеткізілетін судың көлемін арттыруға бағытталған.
Мамандардың айтуынша, суару инфрақұрылымын жаңғырту мен заманауи технологияларды енгізу ауыл шаруашылығы саласында тұрақты даму мен жоғары өнім алудың негізгі тетігі болып табылады.
Айта кетейік, Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімімен 2025 жылдың 9 айында жалпы 2728 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Жер қатынастары бөлімі тарапынан азаматтарға құқықтық түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Сонымен қатар, жер және тұрғын үйге қатысты құжаттарды рәсімдеу бойынша нақты бағыт-бағдар беріліп, тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетілуде.
Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ жер қатынастары саласындағы мәселелердің тиімді шешілуіне жұмыстар атқарылып жатыр.
Нұргүл Жолымбетова







