Түркістан облысына қарасты 60 мыңнан астам тұрғыны бар Қарабұлақ ауылындағы көшелері қоқысқа көміліп жатыр. Жауапты компания тұрмыстық қалдықтарды шығармайтын болғасын, тұрғындар қоқысты өздері полигонға тасуда. Ал, мердігер компания халық қоқыс шығару үшін ақша төлемейді дейді. Сол себепті де тазалық жұмыстарын азайтқан көрінеді.
60 мыңнан астам тұрғыны бар Қарабұлақ пен маңындағы Арыс ауылының көшелері ластанып жатыр. Тұрғындардың айтуынша, кейбір көшеге қоқыс жинайтын жүк көлігі айына бір рет келсе, кейбіріне тіпті бас сұқпайды екен. Мұндағы халық қоқыс тау болып үйілгенде амалсыздан жалдамалы көлік шақырып, қалдықтарды полигонға өздері апратынын айтады.
Ал қоқыс тазалауы тиіс компания 5 жыл бұрын жұмысына кірісіпті. Алайда олардың тірлігіне көңілі толмайтын тұрғындар тарифі қымбат, жұмысы сапасыз екенін айтады.
Полатжан Хайдаров, Қарабұлақ ауылының тұрғыны: «Басында 400 теңгеден төлейтін едік. 800 теңгеге шығарды онда да қоқысты шығармайды. Ауылдың бәрі қоқыстың ішінде өмір сүріп жатырмыз. Ондай компанияның не керегі бар бізге? Одан гөрі шығарып тастасын дұрыс компания келіп қоқысты жинап тұрсын. Ақшасын төлеп жатырмыз».
Күл-қоқыстың арасында отырмыз деген халық ауыл әкімі мен қоқыс шығарушы компания басшыларына хат жазғанымен, еш нәтиже болмапты. Сондықтан, мұндағы жұрт көшедегі қоқысты көлікке тиеп әкімдіктің алдында тұрған шенеуніктер мен мердігерлерге шашты.
Ал, тазалыққа жауапты компания басшысы бес жылдан бері тек шығынға істеп жатқандарын айтады. Сөздерінше, тұрғындар қоқыс шығаруға ақы төлемейтін көрінеді. Дегенмен, ауылдың қанша қарыз екенін ашып айта алмады.
Ағабек Жанбеков, «Медина-Н» компаниясының өкілі: «Біз халықпен жұмыс істеп, халық ақшасын төлесе жүк көлігіміз жүріп жатыр. Қазіргі таңда біздің көлік тоқтап қалған жоқ. Әлі жұмысын жасап жатыр. Бізде 4 техникамыз бар, 2 Газ-23 және 2 Камазымыз бар. Бірақ ақшасын төлемегендіктен оны жұмысшыларға графикке ақша бергендіктен, төлемей жатқандықтан біздің ақшамыз жоқ. Сондықтан, бір Камазбен қызмет көрсетіп жатырмыз».
Ал, шенеуніктер қазіргі мердігердің техникасы жетіспейтіндігін айтып отыр. Сондықтан, ауданда күл-қоқыс тазалаудың жаңа тарифін бекітіп, қайтадан тендер өткізбек.
Гүлдана Дәурен