Шымкенттіктер бокстан әлем чемпионы Махмұд Сабырханды қарсы алды

185

Әлем чемпионы Махмұд Сабырхан туған жерге оралды. Былғары қолғап шебері байрақты бәсекеде 5 кездесу өткізіп, қарсыластарын 5:0 есебімен тізе бүктірді. Ташкент төрінде алтыннан алқа тағынған ел мақтанышын ата-ана, бауырлары мен Шымкент халқы зор қошеметпен қарсы алды. 

Ел мақтанышы бокстан әлем Чемпионы Махмұд Сабырхан Шымкентке оралды. Ол Ташкентте өткен байрақты бәсекеде алтыннан алқа тағынды. 54 келі салмақта қарсыластарын айқын басымдықпен тізе бүктірген батырдың басты мақсаты Олимпиада чемпионы атану.

Махмұд Сабырхан, Әлем чемпионы: “Әлем чемпионы атанғаныма өте қуаныштымын. Қарсыластарым оңай болмады. Кубалық боксшымен кездесуім қиынырақ болды. Ал алаң иесі өзбекстандық спортшымен шыққанда қорқыныш болды. Дегенмен сәл қателессем алып қоюы мүмкін еді. Бірақ чемпион бола алдым”.

Махмұд Сабырхан Белградта өткен әлем чемпионатында жіберген қателіктерімен жұмыс істеп, жақсы нәтижеге қол жеткізе алды. Ал бапкері былғары қолғап шеберінің әрбір тапсырманы 100 пайыз орындап шыққанын айтады.


Ілияс Оралбеков, Махмұд Сабырханның бапкері: “Мен Махмұдтың жеңетініне толықтай сенімді болдым. Себебі дайындық жақсы болды. Алдыңғы Әлем Чемпионатында “Келесіде міндетті түрде жеңеміз» деп өзімізге уәде берген едік. Жеңіске жеттік”

21 жасар боксшы шаршы алаңда 5 жекпе-жек өткізді. Ол барлық қарсыласын 5:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіп шықты. Еліміздің көк байрағын көкте желбіреткен батырдан спорт басқарма басшысы үлкен үміт күткенін жеткізді.

Бауыржан Тұманбаев, Шымкент қаласы спорт басқармасының басшысы: “Шымкенттік спортшының әлем чемпионы атанғанына өте қуаныштымыз. Ол біздің мақтанышымыз. Енді алда Азия ойындары мен Олимпиада бар. Біз спортшымыздың олимпиада лицензиясын ұтып алуына тілекшіміз”.

Айта кетейік әлем чемпионатына 107 мемлекеттен 538 спортшы қатысқан. Байрақты бәсекеде ел қоржыны 4 алтын, 1 күміспен толықты.