Сотқа келмегені үшін қамаққа алынды

70

Сотта процеске қатысушылардың шақыру қағазы, хабарлау, хабардар ету немесе шақыру бойынша сотқа дәлелді себептерсіз келмеуі, сотты және (немесе) судьяны құрметтемеушiлiк әкімшілік жаупкершілікке алып келеді.

Түркістан облысының Отырар аудандық сотында 25 мамыр 2023 жылы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 653-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 2 (екі) тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Себебі, аудандық сотының өндірісінде қаралып жатқан 2023 жылғы 03 наурызда талапкер талап қоюын беріп, онда жауапкерден қарыз ақша өндіруді сұраған. Аталған азаматтық іс қарауға 2023 жылғы 26 сәуірде 12 сағат 00 минутқа тағайындалған, бірақ жауапкер тағайындалған сот отырысына шақыру бойынша сотқа дәлелді себептерсіз келмей, сотқа құрметтемеушілік танытқаны үшін ескерту жасалған. Ал кейінге қалдырылған, яғни 2023 жылғы 16 мамыр 10:-ге қалдырылған сот отырысына да дәлелді себептерсіз келмеген.
Сот отырысында жауапкер кінәсін мойындап, әрекетіне өкінген.
ӘҚБтК-нің 653-бабының 1-бөлігіне сәйкес, процеске қатысушылардың және өзге де адамдардың қатысуынсыз соттың iстi одан әрi қарауы мүмкiн болмайтын жағдайларда, олардың шақыру қағазы, хабарлау, хабардар ету немесе шақыру бойынша сотқа дәлелді себептерсіз келмеуінен, сот отырысында төрағалық етушiнiң өкiмдерiне бағынбаудан, сотта белгіленген қағидаларды бұзудан көрiнген сотты құрметтемеушiлiк, сондай-ақ сотты және (немесе) судьяны құрметтемеушiлiк туралы анық көрінетін өзге де әрекеттер (әрекетсiздiк) ескерту жасауға не жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғатыны көрсетілген.
Әкімшілік құқық бұзушының кінәсі сотта мойындаған жауабынан басқа, сотқа шақырту туралы хабарламамен, 2023 жылғы 25 мамырдағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасымен бекітілген.
ӘҚБтК-нің 40-бабының 2-бөлігінде Әкiмшiлiк жаза құқық бұзушылықты жасаған тұлғаны заңнама талаптарын сақтау және құқық тәртiбiн құрметтеу рухында тәрбиелеу, сондай-ақ құқық бұзушының өзiнiң де, басқа тұлғалардың да жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылатыны түсіндірілген.