Жетісулық веломарафоншы 1250 шақырым жүріп, Түркістанға келді

54

63 жастағы Бақытжан Бектенов салауатты өмір салтын қолдайды. Ол Жетісу облысы, Қарабұлақ ауылынан Түркістанға дейін 6 күн ішінде 1250 шақырымды велосипедпен жүріп өтті. Бұрын веломарафондарға қатысып, 11 рет мәре сызығын кесіп өткен велошабандоз сапарын сәтті аяқтап, қасиетті Түркістанға табан тіреп, өз пікірімен бөлісті. Велошабандозды Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев қарсы алып, құрмет көрсетті.

– Бұл жолы рухани шаһарға сапар шегуімнің мән-маңызы өте зор. Осындай қасиетті өлкенің мәдениеті және туризмімен жіті танысқым келді. Мені қарсы алып, құрмет көрсетіп жатқан жандарға мың алғыс. Түркістан облысында бұқаралық спорт жаңа сипатқа еніп, еліміздің болашағы жастарды спортпен көптеп шұғылдануға шақырамын, – деді Б.Бектенов.
Веломарафоншы Түркістан мен Кентау қалаларының велоспорт өкілдерімен, жас спортшылармен кездесті. Алдымен Түркістан қаласының жастарымен кездесіп, пікір алмасып, өскелең ұрпақты спортпен шұғылдануға шақырды. Сондай-ақ Бақытжан Бектенов сапарын Кентау қаласына жалғастырып, ондағы жас спортшылармен жүздесті. Жасөспірімдерге ағалық ақылын айтып, велоспортты дамыту маңызды екенін жеткізді.