Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін пойыз билеттерін онлайн алу қиынға соғып тұр. Олар жалпы вагондарға билетті 50 пайыз жеңілдікпен ала алады. Дегенмен, 70 пайыздық жеңілдікпен берілетін жеке дәретхана мен мүгедектер арбасына арналған орны бар купе билетіне онлайн қол жеткізу мүмкін болмай тұр. Айтулы азаматтар ол билетті алуы үшін тікелей теміржол кассасына баруы керек.
Астаналық Ардан Ғалымұлына инва-купеге билет сатып алу оңай болмады. Азамат көзі нашар көретініне қарамастан салауатты өмір салтын ұстанып, қосымша блог жүргізеді екен. Дәл осы пойыз билетін сатып алудағы қиындығы жайында ол өз блогында бөліскен болатын. Елордалық азамат билетті онлайн форматта сатып алу барысында қиындықтар туындаған соң теміржол кассасына баруға тура келді дейді.
Ардан Ғалымұлы, Астана қаласының тұрғыны: «Ресми сайтта инва-купе деген бөлім жоқ, сондықтан билетті арнайы кассадан алу қажет. Мен теміржол кассасына хабарласып, мән-жайды сұрастырдым. Оларда билетті осында келіп сатып алу керектігін айтты. Егер билетті онлайн түрде алу мүмкіндігі қарастырылғанда осыншама жол жүрмейтін едік».
Жолаушыларды тасымалдаушылар мүгедектігі бар азаматтар ресми сайтта қажетті бағыттағы билетті жалпы вагонға 50% , сондай-ақ арнайы купеге 70 пайыздық жеңілдікпен сатып алады дейді. Бірақ жаз айларында билетті алу қиындау болады.
Мәди Мұхамедқали, «Жолаушылар тасымалы » АҚ ресми өкілі: «Көптеген адамдар арнайы орындардағы билетті сатып алады. Олар таусылып қалған кезде сатылым тоқтатылады. 1 топтағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен азаматтар онлайн режимде билетті 45 тәулік бұрын ала алады. Ал екніші топтағылар 7 күн бұрын арнайы орындарды сатып ала алады».
Қазіргі таңда ерекше күтімді қажет ететін азаматтар қоғамда белсенді. Олар қарбалас өмірге етене жақын араласып, жиі саяхаттайды. Дегенмен байқағанымыздай пойыздағы арнайы купе орындардың тапшылығы ол азаматтарға өзге жерге сапарлауға айтарлықтай қиындық тудырып отыр.