Шымкентте 800 орындық клиника мен 18 мектеп салынады

61

Қалада 2025 жылға дейін жаңа заманауи перзентхана мен жеке инвесторлардың есебінен 800 орындық клиниканың құрылысын жүргізіп, 6 медициналық орталық ашу жоспарлануда. Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі М.Әйтенов мәлімдеді.

Биыл жеке инвесторлар есебінен 3 жаңа медициналық орталық ашылды. Соңғы 4 жылда 12 жеке медициналық орталық пайдалануға беріліп, қаладағы мемлекеттік емханалардың жүктемесі 30 пайызға азайды.
 Жалпы, соңғы 5 жылда денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту деңгейі 67 пайыздан 79 пайызға артты. Осы бағытта атқарылып жатқан қыруар жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері қалада жалпы өлім көрсеткіші 8%-ға, нәресте өлімі 20,6% — ға төмендеді. Ана өлімі тіркелмеген.
Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 18 мектеп пайдалануға берілмек.  Қалада өткен жылы 24 800 орындық 43 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде, үш ауысымды мектептер саны 9-дан 4-ке, ыңғайластырылған мектеп саны 4-тен 3-ке азайған. Биыл 18 мектепті пайдалануға беріп, үш ауысымды мектеп мәселесін толығымен шешу көзделуде. Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов баяндады.
 Президенттің бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мегаполисте 2025 жыл соңына дейін 28 мың орындық 18 мектеп пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2 Оқушылар сарайының құрылысы басталып, оның 1-уі жуырда пайдалануға беріледі. Одан бөлек, 2029 жылға дейін сыйымдылығы 750 орындық 5 өнер мектебінің құрылысы жоспарлануда.
Жыл жылжыған сайын дамып келе жатқан Шымкентте әлеуметтік саланың күрмеуі біртіндеп шешіліп келеді. Жыл сайын бала туу көрсеткіші көтеріліп келе жатқанын ескерсек, емхана, аурухана, мектеп салу мәселесі туындайтыны анық. Сондықтан да қала билігі тарапынан әлеуметтік салаға көптеп көңіл бөлінуде.