Шымкентте 147 мектеп заманауи бейнекамерамен қамтамасыз етілді. «Айқын» ақпараттық жүйесі тікелей жедел басқару орталығына қосылған. Егер де, күдікті азамат суық қарумен нысанға кірер болса, бірден полицейлерге хабар береді. Бұл дегеніңіз балалардың қауіпсіздігіне алаңдауға еш негіз жоқ деген сөз дейді мамандар. Жалпы, бұл жүйенің тағы қандай өзгешеліктері бар. Толығырақ алдағы бейнематериалда.
Шымкент мектептерінде қауіпсіздік пен тегін тамақтану жүйесі толық цифрландырылды. Бұл жаңашылдық жасанды интеллектке негізделген. Яғни, «Айқын» ақпараттық жүйесі арқылы мектептегі олқылықтардың алдын-алуға мүмкіндік бар. Қала әкімнің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, бұл құрылғының көмегімен сан түрлі заңбұзушылықтардың беті ашылған. Тіпті, сабақ беру сағатын асыра алып, қаражатты қалтасына басқандардың да жолы кесіліпті. Ол аздай өлі жандарды әшкере еттік деп отыр.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК,ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: “Бұйрық шығарылған, жұмысқа қабылданған, мектепте жұмыс істейді деген адамдардың шындап келгенде айлық алып отырғанын анықтап, бірінші фактіні арнайы қызметтерге жолдап қойдық. Бұл бойынша тергеу амалдары басталып, сәйкесінше шешімдер қабылданады деп отырмыз”.
Бұл жүйе тек мұғалімдерді, оқу-тәрбие процесін басқарып қана қоймай, балалар арасындағы буллинг фактілерін анықтауға да мүмкіндік бермек. Тіпті, іздеуде жүрген күдіктілерді, сонымен қатар, арам пиғылды қылмыскерлерді лезде анықтап, жедел басқару орталығына хабар береді. Бұл, оқыс оқиғалардың алдын-алу дейді жауаптылар.
Мұны растау үшін мамандар СОС дабыл нүктесін басып, полицейлермен байланысқа шығуға тырысты. Бірақ, дер кезінде кері жауап ала алмады. Бұл әлі де жүйені толық пысықтау қажеттігін көрсеткендей. Сонымен қатар, ақылды жүйе арқылы өрт қауіпсіздігін бақылауға да мүмкіндік бар.
«Айқын» ақпараттық жүйесін қолданысқа енгізген мердігер мекеменің өкілдері бұл жүйе толық автоматтандырылған деп отыр. Барлық білім нысандарындағы бейнекамералардың жұмыс істеп тұрғанын немесе істен шыққанын тез арада анықтай алады.
Мердігер мекеме мектептердің цифрлық инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында 1 миллион метрден астам құрылымдық кабель тартқан. Бұл барлық енгізілген жүйелердің тұрақты және сапалы жұмыс істеуіне жағдай жасайды екен.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: “Жалпы тартылған локальді желіге, орнатылған бейнекамераларға, аппараттық бағдарламалық кешенге, скут жүйесіне 5 жыл кепілдік беріліп отыр. Сондай-ақ, Транс АҚ есебінен барлық мектептерге дабыл нүктесі тегін қойылды. Өрт сөндіру дабыл нүктелерінің барлығы интеграцияланды”.
Жоба аясында білім беру ұйымдарындағы кабинеттер мен оқушылар көп жиналатын аумақтарға 10 мың 400 жаңа бейнебақылау камерасы орнатылып, бұрыннан жұмыс істеп тұрған 5 мың камерамен біріктірілді. Бұдан бөлек, 98 мемлекеттік мектепке 392 «Alaqan mektep» аппараттық-бағдарламалық кешені орнатылған. Жүйе арқылы оқушылар асханаға кірген сәттен бастап алақан биометриясы негізінде автоматты түрде тіркеледі.







