Шымкентте «Құқықтық көмек» шарасы өтті

89

Шымкентте «Аманат» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында іс шара өтті. Партиялықтардан қолдау сұрап келгендердің басым бөлігі, интернет алаяқтығынан жапа шеккен және жер учаскесі мен жылжымайтын мүлігін заңдастыра алмаған азаматтар. Сонымен қатар, несиесін төлеуден қиналып, алимент өндіре алмай жүргендер де құқықтық көмек сұрап келген. Оларға заңгерлер тарапынан тегін кеңес берілді.

Қазақстан азаматы Александр Ситниковтың жеке куәлік жоғалтқанына екі жыл болған. Құжатын рәсімдей алмай сандалған ол «ең соңғы үмітім Аманат партиясында» дейді.

Александр Ситников, Шымкент қаласының тұрғыны: “Көмек сұрап келдім. Өзіме жақында ота жасаған еді. Құжаттарымды рәсімдей алмай жүрмін. «Аманат» партиясына келіп едім, мәселем шешілетін сыңайлы. Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы Астанаға сұраныс хат жолдады. Жаңа жеке куәлік берсе, зейнетке құжаттарымды рәсімдеймін. Қатты қиналып жүрмін, күн көріске қаражатым да жоқ».

Құқықтық көмек алуға жүгінгендердің бірі Құрсай шағынауданының тұрғыны Тоқсұлу Қолдасова. Ол жеке басының емес көпшіліктің мәселесімен келген. Сайлауда дауыс берген партиясы қолдайды деген үмітте.

Тоқсұлу Қолдасова, Құрсай шағынауданының тұрғыны: «Балаларымыз қиналып жүр. Көшеміздің 400 метрі асфальттенбеген. Әбден қиналып кеттік. Өткенде хат келді қанағаттанбадым. Бүгін өзім келіп тұрмын».

«Құқықтық көмек» жобасы аясында ұйымдастырылған шараға Адвокаттар алқасы президиумы мен заң-консультанттары палатасы қатысуда. Түзілген меморандумға сәйкес, заңгерлер тұрғындарға тегін кеңес беріп жатыр.

Анар Мырзағалиева, заңгер: «Интернет алаяқтығы, банкроттық, жер учаскелерін, баспанасын заңдастыру, одан бөлек әлеуметтік мәселелермен келген азаматтарға кеңес бердік, жолын көрсеттік».

Шараның мақсаты — тұрғындарды толғандырған мәселелерге құлақ түріп, тиісті деңгейде шешілуіне атсалысу және бағыт-бағдар көрсетіп, кеңес беру. Сонымен қатар азаматтарды құқықтық жағынан сауаттандыру,- дейді партиялықтар.