Шымкентте тергеу кезінде полиция ғимаратында азаппен өлген қостанайлық Нұрболат Жұмабаевтың өлімі бойынша қылмыстық іске нүкте қойылды. Үкім бүгін, 30 маусым күні қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында оқылды.
Іс материлдарына сәйкес айыпталушыларға Қылмыстық кодекстің 362-бабы (Билікті асыра пайдалану) және 146-бабы (Азаптау) бойынша айып тағылды. Олардың екеуі Нұрболат Жұмабаевтың өлімі кезінде Шымкент қалалық Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы басшысының орынбасары қызметін, үшіншісі Қаратау аудандық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің басшысы лауазымын атқарған. Ал соңғысы жедел уәкіл болып жұмыс істеген. Олардың барлығы да тергеу кезінде көз жұмған жігіттің өлімінен кейін жұмыстан босатылған болатын.
Сот үкімімен төртеуі де кінәлі деп танылды.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Талғат Есімовтің жазбасындағы мәліметке сүйенсек, Шымкент қалалық ПД криминалдық полиция басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған Д.Аймешев 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Басқарманың тағы бір орынбасары лауазымын атқарған У.Жәнібековке 7 жылға, Қаратау аудандық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің басшысы болған Д.Исаевқа 3 жыл 6 айға, соңғы айыпталушы Ә.Өткіровке 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұдан өзге төрт айыпталушының 3 жылға дейін құқық қорғау органдарының басшылық қызметінде жұмыс істеу құқығы шектелді. Сондай-ақ олардың екеуі полиция полковнигі, екеуі полиция подполковнигі шенінен айырылды.
Айта кетейік, үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, Нұрболат Жұмабаев 2021 жылдың 8 желтоқсанында Шымкент қалалық Полиция департаменті ғимаратына «Көлік ұрлығы» бойынша күдікті ретінде жеткізілген болатын. Оның қасында досы Сергей Петров та болды. Ол кейінірек тілшілерге берген сұхбатында полицейлер өздерін азаптап, күш қолданғанын айтты. 31 жастағы Нұрболат Жұмабаевтың әкесі Ерғара Жұмабаев ұлын полицейлер ұрып өлтірді деген болатын.
Марқұмның туыстарының айтуынша, жас жігіт Қостанайдан Шымкентте үйлену мақсатында сүйіктісін алып кету үшін келген.